Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында қарапайым заттар экономикасын дамыту міндетін жүктеген болатын. Бүгінде аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында ел қазынасынан 600 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл бастама біздің облыста да ерекше маңызға ие.
Жасыратыны жоқ, тұрмысқа қажетті бұйымдардың басым бөлігі шетелден импортталады. Өз өңірімізден қаншама шикізат қоры шыққанымен, дайын өнімге айналдыру деңгейі төмен. Бағдарлама осы мәселелерді шешуге көмектеседі. Бұл импортталатын киім-кешек, азық-түлік, тұрмыстық заттарды өз өңірімізде өндіруге зор мүмкіндік. Яғни, қаржы капиталы үнемделіп, елдің экономикасының артуына оң ықпал етеді. Сондай-ақ, қарапайым заттар экономикасын өңірлерде жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
Мемлекет алдымен халық көп тұтынатын тауарлар тізбесін дайындады. Атап айтқанда, бағдарлама аясында 365 тауар түріне, оның ішінде, 118 азық-түлікке және халық тұтынатын 247 тауарға жеңілдетілген несие берілетін болды. Негізінен, агроөнеркәсіп, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және үй тауарлары мен құрылыс материалдарына басымдық берілмек. Ел бюджетінен бөлінетін қаражаттың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға және оны қайта өңдеуге жұмсалады. Ал өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласына 400 млрд. теңге жоспарланған.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан “Қарапайым заттар экономикасы” жобалық алқасы құрылған болатын. Олар жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының жұмысына мониторинг жүргізеді және тұрғындарды қарапайым заттардың экономикасын дамытуға тарту, жеңілдетілген несие беру шарттарын түсіндіру және тағы басқа мәселелерді шешуге көмек береді. Оның құрамына облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриалды-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармаларының, екінші деңгейлі банктердің, “Даму” қорының облыстық филиалының, “ҚазАгро” және “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның өкілдері енгенін де айта кеткен жөн.
Жоба, негізінен, екі бағытты жүзеге асыруды қамтиды. Біріншісі – кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, екіншісі – өнеркәсіп саласын дамыту. Қарапайым заттар экономикасын дамытуға, мүдделі азаматтар үшін несие мөлшерін төмендету, қайтарым уақытына жеңілдік жасау сияқты жұмыстар қолға алынатын болады. Бұл шаралар жаңадан бой көтерген кәсіпорынға үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті. Жеңілдетілген несие бойынша банктер кәсіп иелеріне 7 жылға дейін 15 пайызбен несие береді. Ал қайта өңдеу жобасы аясында оның 7 пайызын “Даму” қоры субсидиялайды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіру саласының 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы демеуқаржыландырылады. Кәсіпкерлер несиені 5-8 пайыздық жарнамен өтейді. Егер жеке кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болса, “Даму” қоры кепілдікке қол ұшын береді. Бағдарлама шарты бойынша әр кәсіпкер бір жобаға 20 млн. теңгеге дейін несие ресімдейді.
Бағдарламаның екінші бағыты – құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөнінде 2019-2021 жылдарға арналған “Жол картасын” жүзеге асыру. “Жол картасы” құрылыс индустриясын, жеңіл және жиһаз, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсіптерін дамытуды көздейді. Бағдарламалық шарттар жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
Кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға “Халық Банк”, “Банк Центр Кредит”, “Nur bank”, “Сбербанк”, “АТФ банк”, “ForteBank”, “Jysan bank” және “Еurasion Bank” секілді банк филиалдары мүдделі. Несиелер инвестициялық мақсатқа, яғни жаңа өндіріс көзін ашып, дамытуға немесе жұмыс жасап тұрған кәсіпорынды кеңейтуге бағытталады. Кез келген тұлға өтінім беру арқылы жобаға қатыса алады. Қаржы институттары жобаның қаржылық-экономикалық тиімділігіне сараптама жүргізеді. Соның нәтижесінде кәсіпкердің конкурсқа қатысу немесе қатыспауы шешіліп, жазбаша нақты жауап жібереді. Ал сараптамадан оң нәтиже алған тауар өндірушілер “Даму” АҚ-ына арнайы құжаттар тапсырып, жобаны жүзеге асыру шартын орындайды.
Бұл жоба осы салада кішігірім шаруасын дөңгелетіп жүрген кәсіп иелеріне үлкен мүмкіндік туғызады. Қазіргі уақытта өңірде бағдарламаны түсіндіру, несиелеу мөлшерлемелері және субсидиялау шарттарын талқылау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бағдарлама аясында 15 жоба бойынша кәсіпкерлер 2,5 млрд. теңге көлемінде несие алуға ынта білдіруде. Олардың ішінен конкурс шартына сәйкес келетіндері іріктеліп, облыстық кәсіпкерлік басқармасына ұсынылды. Ал басқарма құптағаннан кейін құжаттар банктерге жөнелтіледі. Екінші деңгейлі банктер қолдау білдіргеннен кейін жоба жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта бұл жобалардың төртеуі мақұлданып, оң шешім шығарылды. Несиесін ресімдеген кәсіпкерлер сүт өндірісі, есік, терезе шығару цехтарын ашу үстінде. Нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны пайда болады деп күтілуде.
2025 жылға дейін тауардың 365 түрі бойынша өндірісті 2,4 есеге ұлғайтуға, сонымен қатар импорттың үлесін 37 пайызға қысқартуға қол жеткізетін боламыз. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында 16 мың тұрақты жұмыс орнын құрып, бюджетке салық түсімдерін 1,1 трлн. теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік әрі өңіріміздің дамуына зор серпін береді.
Ольга ЦЫМБАЛЮК,
облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы.
Сурет https://camonitor.kz сайтынан алынды.