Табиғаттың қыр-сырын зерттейтін ғылымның түрлері аз емес. Солардың бірі – орнитология. Бұл термин ғылымға алғаш рет ХVІ ғасырда енді. Орнитология – құстардың дамуын, физиологиясын, жер бетіне тарaлуын зерттейтін ғылым. Біз бұл мақаламызда бұл саланың біздің елімізде неліктен кенже қалып отырғанын білуге талпынып көрдік.
Қазақстанда құстар әлемін зерттеуге ғалымдар өткен ғасырдың екінші жартысынан ден қоя бастады. Дегенмен, орнитология ғылымы үлкен сұранысқа ие деп айта алмаймыз. Бұл салаға қызығушылық танытушылар көп емес, жоғары оқу орындарында орнитолог мамандарға бөлінетін гранттардың саны да аз. Қазіргі уақытта ел бойынша орнитолог мамандар тапшы. Ал шетелдерде құс жанашырлары біршама танымалдыққа ие. Қазір дүниежүзілік неміс және мумбай орнитология қауымдастығы, Британия, Америка құс зерттеу орталықтары және тағы басқа да халықаралық ұйымдар бұл бағытта үздіксіз ғылыми ізденістер жүргізуде. Өмірінің басым бөлігін орнитологияға арнағандар негізінен жоғары оқу орындарымен табиғи саябақтарда жұмыс істейді.
Өңірімізде бұл саланы бір адамдай білетін жерлестеріміздің бірі – Владимир Вилков та құстар әлемін зерттеуге ден қоюшылардың аздығына қатты алаңдайды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Жалпы биология” кафедрасының меңгерушісі қызықты және күрделі ғылымды зерттеушілер табылса, талай дүниелердің сыры ашылар еді, дейді.
– Ғылымды игеруге арналған әдістемелер, құралдар және қондырғылар жеткіліксіз. Соңғы жылдары өзекті мәселе біртіндеп оң шешімін табуда. Білім және ғылым министрлігі бөлетін гранттарды жеңіп алған орнитолог мамандар өздерінің тың жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алуда, – дейді Владимир Семенович.
Ғалымдар құстарға сырға салу арқылы олардың популяция жағдайын, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін анықтайды. Су құстарын пайдалану, жәндікқоректі құстарды өзен бойындағы ормандарға қоныстандыру арқылы олардың ауыл шаруашылығына тигізетін пайдасы зерттеледі.
Облыста құстардың 400-ге жуық түрі мекендейді. Олардың қатарында Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгендері де бар. Атап айтқанда, бұйра және қызғылт бірқазан, алакөз қара ала үйрек, қалбағай, қоқиқаз, сұңқылдақ, тундра аққуы, турпан, ақбас үйрек, бүркіт, қарақұс, дала қыраны, ақбас тырна, ақтырна, безгелдек, дуадақ, шырғалақ, қарабас өгізшағала, үкі және тағы да басқалары кездеседі.
Владимир Вилков екі әріптесі – СҚМУ-дің оқытушысы Иван Зубань және институттың ғылыми қызметкері, магистр Михаил Калашниковпен жас солтүстікқазақстандықтардың бұл салаға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында сайыстар ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, университет студенттеріне арналған орнитологиялық саяхаттар өткізеді. Суда жүзетін және орманды мекендейтін құстардың санын анықтау және оларды зерттеу мақсатында көлдер мен ормандарды бақылауға алған. Аталған шаралар барысында орнитологтар құстарды суретке түсіруге арналған фотоаппараттар, дүрбілер, “GPS” навигаторлар, фотоқақпандар, квадрокоптерлер және тағы басқа заманауи құралдар мен қондырғыларды пайдаланады. Мұның барлығы құстардың популяциясын зерттеп, көктем-күз айларында ұшу бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде облыстың орнитолог мамандары “Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігімен тығыз байланыс орнатқан. Бұл ұйым елімізде әуесқой орнитологияны дамытуға өзіндік үлесін қосуда. Сонымен қатар қауымдастық құстарды қорғау және олар мекендейтін ортаны сақтау жөніндегі “Birdlife International” халықаралық ұйымның еліміздегі өкілі болып табылады. 2007 жылы өңірімізде осы ұйымның филиалы ашылды. Қазіргі кезде бұл филиалды университеттің жас оқытушысы Иван Зубань басқаруда.
Бұл ретте республикалық бірлестіктің, жергілікті және шетелдік орнитологтардың қатысуымен зерттеу жұмыстарын жүргізіп тұратынын атап айтқан жөн. Сондай шаралардың бірі үстіміздегі жылдың мамыр айында өтті. Қызылжемсаулы қарашақаздарға белгі салу үшін келген Болгария, Ұлыбритания және Литва ғалымдары Есіл ауданының Чириковка ауылының маңындағы көлде болды. Қарашақаз Қазақстанның, сондай-ақ, Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына енген. Ол Қостанай өңірі мен көктем айларында қолайлы өлке болып табылатын біздің облысымызды мекендейді. “Қауіпсіз ұшу жолы” халықаралық жобасы аясында жүзеге асырылған шара барысында су айдынында ұсталған 10 сұр түсті қаз бен Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген 17 қызылжемсаулы қарашақаздарға белгі салынып, тіркеуге алынды. Алдағы уақытта спутниктік бақылау құрылғысы орнатылған құстардың ұшып-қону аймақтары дәлдікпен анықталатын болады.
Өкінішке қарай, бүгінгі күні жастардың бұл салаға қызығушылықтары төмен. Владимир Вилков болашақта орнитологияны терең зерделеуге ниет танытқан жастардың қатары қалыңдай түссе екен деген арманымен бөлісті.
– Қазіргі уақытта еліміздегі кәсіби орнитологтардың саны 50-ден аспайды. Мамандар тапшы болғандықтан, бердвочерлер, яғни, әуесқой мамандар Қазақстанның орнитологиялық фаунасы туралы ақпаратты жинаумен айналысады. Алдағы уақытта орнитологтардың қатары толыға түссе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ғалым.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.