Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Сенат депутаты Ольга Перепечина облыс орталығындағы баспана және студенттерге арналған жатақхана құрылыстарының барысымен танысты.
Алдымен жұмыс тобы “Единство” құрылыс компаниясында болып, жағдайымен танысты. Темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыттың базасында құрылған компания 2014-2015 жылдары қайта жөндеуден өтті. Іріпанельді үйлердің құрылысы үшін 14 млрд. теңгеге заманауи құрылғы сатып алынды. Бүгінде комбинаттың қуаттылығы – 40-60 шаршы метр.
Соңғы екі жылдың ішінде құрылыс компаниясының материалдарымен бар болғаны 41 мың шаршы метрді құрайтын 8 бесқабатты үй тұрғызылды. Яғни, комбинат 28 пайызға ғана жұмыс істеген. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдер жарияланғандықтан, компанияның жұмысы жандануда. Серіктестіктің жұмысымен танысқан Ольга Перепечина құрылыс материалдарына тапсырыс келіп түскенін күтіп отырмай, құрылыс компанияларымен бірге тұрғын үйлердің жобасын жасап, құрылыс жұмыстарына қатысуды ұсынды. Екінші деңгейлі банктен несие алып, дайын тұрғын үйлерді сатуға қою керектігін айтты.
– Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үйге кезекте 19 мыңнан астам адам тұр. Олардың 14 мыңы – петропавлдықтар. Ал баспанаға мұқтаж тұрғындардың 7 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады. Петропавл қаласында “Нұрлы жер” және “7-20-25” бағдарламалары бойынша тұрғын үйлер бой көтеруде. Солнечный шағынауданында 10 көпқабатты және 18 бірқабатты үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 11 млрд. теңге қаржы бөлінді, – деді Ольга Перепечина.
Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі де өзекті. Сенатордың айтуынша, биыл облыс орталығында көпбалалы отбасылардың игілігіне 81 пәтер беріледі. Ал қалада тұрғын үйге кезекке тұрған көпбалалы отбасылардың саны – 220.
Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.