«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКСПОРТТЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Экспорттаушыларға қаржылай және сервистік көмек көрсететін институт өкілдері теріскейлік кәсіпкерлермен жүздесті. Жиында тауарды сыртқы нарыққа жөнелтудің тиімді тұстары мен кәсіпкерлер кезіккен қиындықтар қозғалды.

Алдағы 5 жылда Қазақстан ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын 2,5 есеге арттырмақшы. Солтүстік Қазақстан аграрлық аймақ болған соң, бұл тапсырманың біздің өңірге тікелей қатысы бар. Бірақ, агроөнеркәсіптік кешенге ғана басымдық берген дұрыс емес. Өндірістің барлық саласын да шетел нарығына шығуды жолға қою – мақсат. Сондықтан, өнімін сыртқа жіберемін дейтін отандық бизнесмендерге мемлекет барынша қолғабыс етуде. «Біз кәсіпкерлерге потенциалды клиенттерді іздейміз, тауарлық белгілерді таныстырамыз, бизнесмендерге түрлі халықаралық көрмелерге қатысуға қаржылай және ұйымдастырушылық көмек көрсетеміз», – дейді Қазақстанның сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов.
Сыртқы сауда платасынан өзге де қолдау институттары жететін. Мәселен, Қазақстанның даму банкі отандық тауарларды шетелде танытқысы келетіндерге төмен пайызбен несие береді. «KazakhExport» өз кезегінде түрлі сақтандыру қызметтерін көрсетеді. Алайда, залға жиналған теріскейлік кәсіпкерлер қауымын Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы көрсететін қолдау қатты қызықтырды.
«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ қолдау құралдары орталығының директоры Диас Серіков: «Біз кәсіпкерлер жұмсаған қаржының 30-дан 60 пайызына дейін оларға қайтарып береміз. Яғни, тауарды шетелде жарнамалауға, қоймалар мен басқа да орындарды жалға алуға және өнімді тасымалдауға жіберілген ақшаның бір бөлігі экспорттаушыларға қайтарылады. Бұл мақсатқа биыл бізге 10 млрд. 400 млн. теңге бөлінді. Бүгінде бизнесмендерден өтініштер қабылдап жатырмыз», – деді.
Диас Серіковтың айтуынша, кәсіпкерлерге тауар шетелге жөнелтілгеннен кейін 1 жыл ішінде ақша қайтарылады. Бұл – экспорттық әлеуеті жоғары отандық өндірушілерге арналған шаралар. Әзірге қолдаудың мұндай түрін пайдалануға 8 солтүстікқазақстандық компания ниет білдірген. Арасында көпке белгілі “Сұлтан” макарон фабрикасы бар. Сондай-ақ, жергілікті “Маслодел” компаниясы да мемлекеттік көмектің шарапатын көріп отыр. Ал Тимирязеводағы ұн үгу комбинатындағы жағдай, керісінше, мүшкіл. Бүгінге дейін ұнды Ауғанстанға жөнелтіп келген кәсіпорынның жұмысы қазір тоқтап тұр, ал қызметкерлері таратылған.
“Тимирязев ұн үгу комбинаты” ЖШС қаржылық директоры Күнсұлу Ғабдушеваның айтуынша, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты Қазақстанның ұн экспортындағы тікелей бәсекелес елдерінде ұн үгу саласына билік барынша қолдау көрсеткендіктен, бұл сала онда қарқынды дамып келеді. «Бұл мемлекеттер біздің елімізден бидайды үлкен көлемде импорттап, кейін өздерінің комбинаттарында үгеді, осылайша ішкі сұранысты қанағаттандырып отыр. Сондай-ақ, өнімді олар арзан бағамен шетелге де сатады. Осыдан біздің ұнға деген сұраныс кеміп келеді. Соның салдарынан облыстағы ең ірі комбинатттардың бірі жабылайын деп тұр», – деді ұн үгу комбинатының қаржылық директоры.
Бұл – проблеманың бір ұшы ғана. Өнімді Ауғанстанға Өзбекстан арқылы жеткізудегі қымбатшылық та комбинаттың қаржылық жағдайына кері әсер етіп тұр. Кәсіпорынның қаржылық директоры жиынға қолдау сұрай келіпті. Ол ұн үгуші комбинаттарға субсидия бөлінсе дейді. Бұл мәселені отандық сыртқы сауда палатасы бақылауға алатын болды. Нұралы Бөкейхановтың мәліметінше, былтыр экспортқа шығарылған 2 млн. тонна қазақстандық ұнның 1,5 млн-ы Ауғанстанға жіберілген. Қазір тасымалдауды 1,5-2 есеге дейін арзандататын жаңа бағыттар жасалып жатқан көрінеді.
Жыл сайын Қазақстан әлемнің 100-ден астам еліне 1000-нан астам тауар түрін экспорттайды. Олардың басым бөлігі азық түлік, машина, ауыл шаруашылығы және химиялық өнімдер. Ал жоғарыда аталған жеңілдіктерді бизнесмендер ұтымды пайдаланса, бұл статистика қарқынды өсуі тиіс.

https://mtrk.kz
Сурет http://petropavltv.kz сайтынан алынды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp