Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі 14 инспектор облыстағы сауықтыру лагерьлерінде балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Сонымен бірге, тәртіп сақшылары өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіріп, құқықтық тақырыпта дәрістер оқуда.
Оқушылардың жазғы лагерьлердегі демалысы қызықты әрі пайдалы өтуіне тәртіп сақшылары да белсенді ат салысуда. Полиция қызметкерлері жасөспірімдерге жол қозғалысы, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, түнде бақылаусыз жүрмеу туралы талаптардың барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, заңды бұзбауға кеңес берді. Осындай танымдық кездесулердің бірі «Жұмыспен қамту» республикалық акциясы шеңберінде «Достық» лагерінде өтті. Погон таққан қызметкерлердің кеңестерін балалар ұйып тыңдады. Жалпы, балалар лагерьлердегі демалысқа өте риза. Жаңа достар тауып қана қоймай, демалушылар түрлі үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Солтүстік Қазақстан облысында осы жазда 14 сауықтыру лагері жұмыс істеуде.
Жасөспірімдер арасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар, полицейлер жедел іс-шараларды қолға алуда. Жыл басынан кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта үй-жайдан тыс жүргені және көңіл көтеру орындарында болғаны үшін 1402 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 149 жасөспірім мен тұрмысы нашар 185 отбасы есепке қойылды.
http://petropavltv.kz