Кеше қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Тұңғыш Президент саябағын абаттандыру туралы мәселе қозғалды. Бұл аумаққа түрлі ағаштар отырғызу жоспарланған. Саябақта тұрғындар мен қала қонақтары жиі серуендейтіндіктен, қалалық мәслихат депутаттары аумаққа 70-ке жуық көшет егуді ұсынды.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қайрола Ғалеевтің айтуынша, саябаққа отырғызылатын ағаштардың арасында жөке ағашы мен үйеңкі бар. Жалпы 3515 шаршы метр жер көгалдандырылмақшы. Абаттандыру жұмыстары күз мезгіліне жоспарланған. Негізінен, ағаштарды саябақтың кіре берісіне отырғызу көзделіп отыр. Дегенмен, түптердің өсіп, жайқалуы үшін арнайы күтім қажет. Талдар өткен жылдардағыдай қараусыз қалатын болса, қоршаған ортаға келетін шығын да көбейе түспек. Қоғамдық кеңес мүшелері көшеттерді күту үшін бюджеттен қаражат қарастыру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, жиын барысында қаладан шеткері орналасқан елді мекендерден оқушыларды мектепке автобуспен тасымалдау мәселесі де қозғалды.
Сурет https://otzovik.com сайтынан алынды.