«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАНАП КҮНІ ӨТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданының Талшық ауылындағы “Талшық Астық Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқабында дәстүрлі танап күні өтті. Оған жетпістен астам диқан қатысты.

Ресейлік “Агро Эксперт Груп” компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылатын “Агроэксперт Қазақстан” ЖШС-і ұйымдастырған жиынға қатысушылар өсімдіктерді зиянкестер мен арамшөптерден қорғаудың тиімді тәсілдері және таза өнім, бітік егін алу жолдары туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Аталмыш компания нарықта ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғайтын заманауи өнімдерімен белгілі.
– Күзгі орақ науқанында ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол әрі сапалы өнім алуда тыңайтқыштарды қолданудың маңызы зор. Біздің кәсіпорында өндірілетін 40-тан астам дәрі-дәрмек рапс, зығыр, бұршақ, жасымық сияқты өсімдіктерді зиянкестерден қорғайды. Қазіргі таңда соя дақылын қорғауға арналған препарат әзірленуде, – деді серіктестік директоры Бейбіт Құжымов.
Жиын барысында диқандар “Талшық Астық Агро” ЖШС-нің алқаптарын аралап, “Агро Эксперт Груп” компаниясының өнімдерімен танысты. Мамыр айының басында мұндағы 402 гектар жерге рапстың тұқымы себіліп, алқап үш рет дәрімен өңделген. Жайқалған алқапты көрген диқандар дұрыс таңдалған тыңайтқыш егін шығымын арттыра түсетініне көз жеткізді. Бұдан кейін көпшілік бидай және арпа алқабына ат басын тіреді. Мұнда да минералды тыңайтқыштар қолданылған.
Ақжар ауданындағы “Әлия” шаруа қожалығының басшысы Құмар Бекболатов биыл “Агроэксперт Қазақстан” ЖШС-нің мамандары гербицид таңдауда қол ұшын созғанын, нәтижесінде қожалықтағы өнімділік өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқанын жеткізіп, өз ризашылығын білдірді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp