«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСАБА, АУЗЫҢА АБАЙ БОЛ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр адам тойға барып, аса­баның әдемі әзілдерін тыңдап, көңіл көтергісі келеді-ақ. Алайда, бүгіндері той басқару мәдениетінен мақұрым асабасымақтар көбейіп кетті. Кейде көңіл көтеру былай тұрсын, ұялғаннан кірерге тесік таппай, ызаға булығатының жасырын емес.

Жаз – той-томалақ көбейетін мез­гіл. Той неғұрлым көп болса, оны басқаратын асабалардың са­ны да соғұрлым арта түседі. Той­ды өз деңгейінде өткізу, мейман­дар­дың көңілін табу оңай шаруа емес. Өйткені, оған жас та, жаса­мыс та жиналады. Дегенмен, той тізгінін ұстаған кейбір жігіттер көп­шілікті үйіріп әкету асабаның сөз­дік қоры­на, дауыс ырғағына, білі­міне және жүріс-тұрысына байла­нысты еке­ні­не жіті мән бере бер­мейді.
Талай тойға барып жүрміз, кө­ңіл­ге түйгеніміз де аз емес. Көбінесе олардың той басқаруға дайын­дық­сыз келген­дері, мағынасыз сөз айт­қандары көңілге кірбің ұялат­ады. Кейбір асабалар бір-бірінің аузына түкі­ріп қойғандай, бірінің айтқан әзіл­де­рін дәл сол қалпында қайталап, тойға демаламын деп келген қо­нақтар­ды мезі етеді. Ақ жаулықты әжелеріміз бен ақ са­қалды аталарымызды құр­мет­теу­дің орнына олардың сақалы мен жүрісін келемеждейді. Бір­де сон­дай асаба жігіттердің бірі тілек айтуға шыққан қарияның ау­зындағы тісіне күлемін деп, төрде­гілердің бі­рінен ескерту алғаны есімде. “Айтылған сөз атылған оқ­пен тең” де­мекші, асабалар абы­ройының айрандай төгілмеуі үшін аузы­на абай болғандары жөн.
Мені тағы бір орынсыз дүние ма­залайды. Қазір барлық асаба ұзатылып бара жатқан қызға кү­йеуге шықпа­ған құрбыларына гүл лақ­тыртып жатады. Сондағы гүлге таласқан қаракөз­деріміздің әрекеті – ба­рып тұрған әдепсіздік. Көз алдыңда жігітке таласып жатқандай оғаш көрініс. Тіпті, келесі жолы күйеуге шығу үшін гүлге жан ұшы­ра жүгіріп, жа­ға жыртысатындары да бар. Мұндай әдепсіздікке аса­балар неге жол береді?!
Айтқан әзілдерінен езуіңді жия алмай қалатын асабалар да бар. Тіпті, бар ықыласың соған ауып, ал­дыңа тартылған еттің суып қалғанын байқамай қала­сың. Жаның жадырап, ішіңнен: “Ұлым үйленіп, қызым ұзатылып жатса, осы асабаны шақыратын шығармын” деп ойлап қоясың. Рас қой?! Олар – көп ізденген білімді азаматтар.­
Асаба – бүгінгі күннің серісі. Де­ген­­мен, қазір той басқаратын “се­­рі­лер” құлаққа қонымды, кө­кей­ге сі­ңім­ді ой айтып, жарасым­ды әзіл­де­рімен жұртты қарық қыл­са дейсің.

Әлия ДӘМЕТКЕНОВА,  зейнеткер.
Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp