«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖУСАНЫ МЕН ЖУАСЫ БҰРҚЫРАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сыршыл ақын, мемлекет және қоғам қай­раткері, жерлесіміз Кәкімбек Са­лықов бір жазбасында былай деп толғанады: «Жалғызтау мен Сы­рымбеттің арасы Үкілі Ыбырай мен Ақан серінің асыл мекендері, мал-аралас, қой-қоралас. Құдандалы бауыр-туыс болып кеткен сыйлас, тату ауылдардан құралады. Үкілі Ыбырайдың ауылы – Жал­ғызтау­дың оңтүстігінде орналасса, Еңбек Сырымбетке жақындау Жарқын көліне тақау жатыр. Ал Ақтас сол аймаққа ортақ Қамсақты өзеніне таяу жерде бой жазса, Сырым­беттен Егіндіағаш он бес, Дәуқара жеті-ақ шақырым, бұл ауыл мен Еңбектің арасы он екі шақырым, дәл сондай қашықтықта Ақтас жа­тыр. Бұл ауылға тақау Бұлақ, Қа­рағай ауылдарымен іргелес Құм­төккен Сандыбай бұлағының ба­сына орналасқан. Бұл ауылдар – ескірмес алтын бұйымдай ескі дос ауылдар».


Аты аталған елді мекендердің ішінде қатарлас қонған Бұлақ, Ақ­тас, Қарағайдың тағдырлас екенін аңғару қиын емес. 1929 жылы ұжымшарға, артельге біріккен сәттен бастап небір қоғамдық өзге­рістерді, саяси науқандарды бірге бастан кешірген. Бұл жөнінде осы ауыл тұрғындарының Қоскөл деп аталатын шоқ ағаштың баурайын­да бас қосқан алқалы жиынында Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған жан-жақты таратып, айтып берді. 1928-1931 жылдары ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқаны кезінде ша­руаларды жаппай отырықшы­лан-дыру саясаты жедел, күштеп жүр­гізіле бастаған. Сол кездегі ауыл-най Аққошқар Игіберовтың ұсы-нысымен Тілембай, Тілеп, ТемірСәдуақас, БайғараБалташ, Игі­байСәтбай, КүсесКүшпән, МүкейТегізек секілді әр жерлерде шоғыр­ланып отырған шағын ауылдар біріктіріліп, «Бұлақ» артелі құры­лып, 1930 жылы ұжымшарға ай­налдырылған. Алғашқы төрағасы болып Едірес Хамитов сайланған. Шаңыраққойған, Ақсұлу, Метірей, Досай, Жұман ауылдары «Ақтас» ұжымшарына топтасып, Есқали Рама­занов 13 жыл басқарған. Қарағай елді мекенінің құрамына енген он ауылға Баhрам Мұхамадиұлы жетекшілік еткен. Осылай­ша, үш ауылдың іргесі, негізінен, 1929 жылы қаланып, әлі күнге дейін еншісі бөлінбеген, тамыры үзілмеген күйі бірге жасасып келеді. Қызығы да, қиындығы да ортақ. Бүркіт Ғелманұлы өз сөзін ха­кім Абайдың: «…Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал?.. Осы ма бір­лік? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы бөлек, діні басқа, күні басқалар да жалданып, бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғанның басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек», – деген ой саларлық ғақлиясымен аяқтады. Ол ауыл тарихын баяндайтын электронды нұсқадағы үш томдық кітап пен жерлесіміз, жазушы-журналист Жақсыбай Самраттың «Бұралаң заман» романын мек­тептерге, оқушыларға спорт­тық киімдер, оқу озаттарына ақшалай сыйлықтар таратты.

Осы өңірдің ардақты азаматта­рының бірі, биология ғылымдарының докторы Әйіп Ысқақ жұртшылық талқысына Бұлақ ауылдық округінің 2019-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын ұсынды. Жобада келелі проблемаларды шешу жолдары көрініс тапқан. Атап айтқанда, тұрғындардың тұрақты әлеуметтік, экономикалық әлеуетін орнықтыру, ол үшін ауыл шаруашылығын әртараптандыру, инвестиция тарту, шағын кәсіпкерлікті өркендету мәселелері қамтылған. Мал шаруашылығын дамытудағы жайылымдардың аздығы, мал азығын дайындаудағы түйткілдер, материалдық мүмкіндіктердің шектеулігі, білікті мамандардың тапшылығы, тұтынушылар кооперативінің кенже қалғаны, ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының төмендігі атап өтіліп, жерді тиімді пайдалану, мал тұқымын асылдандыру, техниканы жаңарту – басым бағыттарының біріне жатқызылды. Әйіп Ысқақовтың редакторлығымен баспадан басылып шыққан Қосағалы батыр жайлы кітаптың тұсаукесері өтті.


 Осы жердің тумасы, облыстың құрметті азаматы, қоғам қайрат­кері Жақсылық Ысқақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Мұқашев, еңбек ардагері Қуат Халықов тебірене сөз сөйлеп, жылы лебіздерін арнады. Мінбеге Оралбай Сағындықов көтерілген­де жиналғандар ду қол соқты. Олай болатын жөні бар. Ұйымдастырушылық қарым-қа­білеті зор ағамыз «Бұлақ» кеңша­рына жетекшілік еткен тұста гектар басы 31-33 центнерден алтын дән жиналып, рекордтық өнім алынған болатын. Тұрғындардың әлеумет­тік өмір сапасына да ерекше көңіл бөлінгенді.
Облыстық тілдерді дамыту бас­қар­масының басшысы Кемел Оспанов аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың Құттықтау хатын оқып берді. Онда жан жадыратар, қанат­тандырар, болашаққа ұмтылдырар жылы сөздер жазылған. Аудандық мәслихаттың хатшысы Айнагүл Бектасова тұрғындарды ауылдың 90 жылдық мерейтойы­мен құттықтап, бес ноутбук сыйға тартты. Бір топ еңбек адамдарына Алғыс хат табыс етілді. Ау­дан имамы аруақтарға бағыштап Құран оқыды. Жиынды округ әкімі Меңдос Ысқақов түйіндеп, тойды ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Сөз арасында Серкелбай Кәменов, Бердібек Тоқпанов, Болат Бейсенбаев, тағы басқа ауыл азаматтары бас болып, ерекше белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Сыртта жүрсе де, туған жердің ыстық құшағын аңсап жүретін Тасқын, Талғат Ысқақов­тар, Шаhырап Құсайынов, Сәдібек Тоқпанов, Қанат Асқаров, Марат Сәрсенбаев, тағы басқалары тойдың өз дәрежесінде өтуіне үлестерін қосты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Бірлігі бар ел озады» деген осы! Ал жастар түрлі ұлттық спорт ойындарының, ат бәйгесінің ұйымдастырылуын өз міндеттеріне алды. Сонымен қатар олар бірінші сыныпқа баратын балдырғандарға оқу құралдарын тарту етті.
 Тойдан түйген ойға қосарымыз мынау: округ тұрғында­­рының тұрмыс жағдайын жақсарту – іргелі міндеттердің бірі. Бұл орайда жергілікті шаруашылықтармен қатар жер телімдерін жалға алып отырған «Атамекен-Агро», «Әулие Голд Майнинг» сияқты ал­пауыт құрылымдардың қаржылық қолдауы ауадай қажет. Бұлақ, Ақтас жастары бос уақыттарын қайда өткізерін білмей дал. Өйткені, бұл ауылдарда клуб жоқ. Жол жайы да сын көтере бермейді. «Кор­неевка – Бұлақ» жолына қиыршықтастар төселгенімен, істің сапасыз атқарылғаны байқалмай қалмай­ды. Осы себепті автокөлік иелері қара жолмен жүруге мәжбүр. Қыста қайтпек? Қарағай – Ақтас арасындағы жол да қалпына келтіруді қажет етеді.
Мұндай түйткілді мәселелер өңі­ріміздегі ауылдардың біразына тән. Алайда, олардың шешімін та­уып жатқандары да аз емес. Ауыл – елдің берекесі, алтын бесігі. Ен­деше, көптеген танымал тұлғалар­ды құндақтаған, жусаны мен жуасы бұрқыраған Бұлақ ауылының 90 жылдығын тұрғындардың алыстағы ауылдастарды шақырып, ұлан-асыр атап өтуі, жеткен жетістіктер мен алдағы міндеттерді саралауы қандай жарасымды!

Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltústik Qazaqstan».
Өмір ЕСҚАЛИ,
журналист.
Есіл ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp