Солтүстік Қазақстан облысында 62 жастағы ер адам іздестірілуде. Ол 6 тамыз күні балық аулауға кетіп, Қызылжар ауданының Соколовка ауылының маңында жүргенде, хабар үзілген. ТЖД басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев 7 тамыз күні іздеу салынғанын жеткізді. Балықшыны іздеуге 30-дан астам құтқарушы, полицей, еріктілер жұмылдырылған.
«Әзірге нәтиже жоқ. Авиация техникасын тарту мәселесі шешіліп жатыр. Атпен де іздейміз», – деді Ерік Сарыбаев. Айта кетейік, құтқарушылар осы ауданда, Есіл жағасындағы демалыс орындарының бірінен 7 тамыз күні 25 жастағы жігітті іздеген. Куәгерлердің айтуынша, ол абайсызда суға құлап, батып кеткен. Түс ауа құтқарушылар жігіттің денесін тапты. Е. Сарыбаевтың айтуынша, бұдан басқа тағы бірнеше адамға іздеу жарияланған. «Көктемде Қызылжар ауданының Иванов ауылында ер адам суға кетті деген хабар келді. Бірақ ол әлі табылған жоқ. Оны Есіл өзенінің жағасынан тағы да іздейміз. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда екі адам өзен жағасына барып, ішімдік ішкен. Бірі үйіне қайтып, екіншісі хабар-ошарсыз кеткен. Ол да табылған жоқ», – дейді Е. Сарыбаев. Оның айтуынша, биыл шомылуға барған 6 адам суға батып кеткен. Соның үшеуі – жас бала. Бұдан бөлек, суға батқан 24 адам, соның ішінде 16 бала құтқарылған. Құтқарушылар ішімдік ішіп суға түспеуге, су айдындарын пайдалану ережелерін сақтауға шақырады.
www.inform.kz