Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда дін өкілдері ерекше рөл атқарады. Себебі, имамдар тұрғындар арасында үгіт-насихат, әңгіме жүргізу арқылы қоғам дертінен арылу қажеттігін жеткізеді. Осы мәселе “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобасының ұйымдастыруымен өткен диалогтық алаңда талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қатысты.
Алғашқы болып сөз алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин қоғам дертімен күресте дін өкілдерінің көмегі көп екеніне тоқталды. “Мұндай шаралар “бармақ басты, көз қыстылықтың” алдын алуға бағытталады. Адам алдымен әрбір әрекетіне жауапкершілік бар екенін ұғынып, дайын болуы тиіс. Сонда ғана ол мұндай әрекеттерге бармайды”, – деді Ернар Баянғазин. Ал облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев бұл мәселеде мемлекеттік қызметшілер мен басшылардың жауапкершілігі жайлы әңгімеледі.
Бұл мәселеге қатысты дін өкілдерінің де айтары мол. Мәселен, ислам дінінде парақорлыққа мүлде жол жоқ. Шариғат заңы бойынша тек адал жолмен ғана табыс табу керек, біреудің ақысын жеуге болмайды. Тіпті, сыйлықты да өз орнымен беру қажет екен.
– Шариғатта ағайын-туыс, құда-жекжат болып табылмайтын, танымайтын адамға, лауазымды кісіге сыйлық беруге болмайтыны көрсетілген. Тіпті, ислам әлемінің сот жүйесінде екі тараптың 1 бөлмеде 5 минутқа да қалуына тыйым салынған. Сондықтан сыбайлас жемқорлық халқымыздың құндылықтары мен дініне қарсы, – деді “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы.
Оның айтуынша, танымайтын тұлғаға қызмет бабымен сыйлық тарту етілсе немесе басқа да парақорлық фактісі орын алса, параны алған адамға берген жанмен бірдей күнә саналады.