Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Осының арқасында енді халықтың жылжымайтын мүлікке меншік құқығы нығая түсіп, оны қорғау күшейтілді. Заңнамадағы жаңашылдықтарды түсіндіру мақсатында облыстық әділет департаментінде брифинг өткізілді.
Ең ауқымды өзгеріс Жер кодексінің 84-ші бабына енгізілген. Мұнда жеке меншіктегі жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлі түрде иеліктен шығару тәртібі жазылған.
– Жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда иелiктен шығарылуы мүмкін. Бұл үшін меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімі қажет. Сондай-ақ, оған мүлiктің тең құны өтелуі керек. Әйтпесе учаске сот шешiмi бойынша мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне өтеді, – дейді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Қожахметова.
Бұл телімдерді мемлекеттің меншігіне қайтару төрт кезеңнен тұрады. Ең алдымен жергілікті атқарушы билік өкілдері қаулы шығарады. Кейін олар әр учаске иесіне үш күннің ішінде бұл туралы хабарлауы тиіс. Бұдан соң, меншік иесіне төленетін өтемақы мөлшері анықталады. Бағалауды тәуелсіз сарапшы жүргізеді. Егер баға қос тараптың да көңілінен шықса, келісімшарт жасалады. Керісінше жағдайда мәселе сот арқылы шешіледі.