2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағының техникалық регламенттеріне жауап бермейтін сүт жергілікті өндеу зауыттарында қабылданбайтын болады. Бұл туралы “Шикі сүттің қауіпсіздігі – ұлт денсаулығының кепілі” тақырыбында өтіп жатқан конференция барысында айтылды.
Сүт өнеркәсібі сарапшыларының айтуынша, елімізде бұл мәселені шешу мақсатында “Жол картасы” әзірленген.
«Жол картасы» БҰҰ-ныҢ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің сараптамалық қолдауымен әзірленді. Бұл, ең алдымен, малдың денсаулығы, мал басын есепке алу, емдеу және вакцинациялау сапасы, сүтті жинау мен қабылдауды бақылау және ұйымдастыру сияқты шараларды талаптарға сәйкестендіруге бағытталған құжат. Сүттің сапасын анықтайтын арнайы мобильді қосымша жасалуда. Алдағы уақытта тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады», – дейді Қазақстан Сүт одағының сарапшысы Лидия Михеева.
Сарапшылар отандық өнімге қатаң бақылаудың жоқтығына тоқталып өтті. 2020 жылдың басында Кеден одағы шеңберінде техникалық регламент талаптарына сай келмейтін сүт және сүт өнімдерін экспорттау мерзімі аяқталады. Ал, елдегі фермерлік шаруашылықтардан өңдеуге жеткізілетін сүттің 90 пайызының микробиологиялық көрсеткіштері талапқа сәйкес емес. Сондықтан сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігін талап ету туралы техникалық тәртіпті ретке келтіру керек. Бұл шара аталған саланың қалыпты жұмыс жасауына серпін береді деп күтілуде.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Сурет lady.mail.ru сайтынан алынды.