Жыл басынан бері облысымызда «Қауіпсіз өнімді таңда» республикалық акциясы жүргізілуде. Шара барысында өңір тұрғындары Петропавл қаласында орналасқан ұлттық сараптама орталығының зертханасында сауда орындарында өздері сатып алған өнімдердің құрамын және сапасын тексере алады.
Өткен алты айдың ішінде бұл мекеменің мамандары жеміс пен көкөністің 78 сынамасын тексерген болатын. Зерттеу айына бір рет жүргізіледі.
– 2019 жылдың өткен кезеңінде біздің басқарма мамандары жүргізген тексеру нәтижесінде пияз бен қырыққабаттың екі сынамасында нитратты азот мөлшері шамадан тыс екені анықталды. Қауіпті өнімді жою жөніндегі комиссияның шешімімен 71 килограмм тамақ өнімдері жойылды, – дейді қалалық тауарлар және көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әсет Жұматаев.
Облыс орталығындағы жемістер және көкөністердің құрамындағы нитратты азоттың мөлшерін тексеру қызметі ұлттық сараптама орталығының зертханасында 965 теңге тұрады. Зерттеу жұмысы 15-20 минут уақыттың ішінде жүргізіледі.