Қазақстан халқының 53 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Алайда, статистикалық мәліметтер бойынша, саясатта нәзік жандардың белсенділігі төмен. Мәселен, әйелдердің саяси мәселелерге қатысуы жөнінен Қазақстан әлем бойынша 95-ші орында.
Еліміздің әр облысында гендерлік саясатты дамыту мақсатында «БҰҰ – Әйелдер» ұйымының мүшелері тәжірибелік конференция ұйымдастыруда. Осындай жиын кеше Петропавлда өткізілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев пен ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева қатысты.
Жиын барысында әйелдердің құқығын қорғап, жақында еліміздің батыс өңірінде және күні кеше Көкшетау қаласында орын алған зорлық-зомбылық сияқты фактілерге жол бермеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, елді мекендерде тұратын әйелдердің 74 пайызы зорлық-зомбылыққа шыдап, көнеді екен. «Бұл дұрыс емес. Әрбір қыз-келіншек саясатқа араласып, өз құқығын қорғай алады. Ол үшін лауазымды орындарға, әкімшілік құрамға әйел адамдарды қабылдау керек», деді Раушан Сәрсембаева.
Ұйымның басты мақсаты — білім беру, денсаулық сақтау, саясат пен мемлекеттік қызметке әйелдерді араластыру. Қазақстанда экономика саласының – 44 пайызын, Сенаттың – 9, Мәжілістің – 27, мемлекеттік қызметтің әкімшілік құрамының 53 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Ал зерттеу нәтижелері бойынша солтүстік өңірде басшылық қызметті негізінен ер азаматтар атқарып отыр екен. Мемлекеттік қызметте – 64, құқық қорғау органдарында – 15, өңір депуттатарының 30 пайызын қыз-келіншектер құрайды.
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев әйелдер қауымы қандай да бір жаңашылдық ұсынса, оған облыс әкімімен бірге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.