«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – ОРТАҚ ІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге Нұр-Сұлтан қаласынан “Nur Otan” партиясы жанынан құрылған балалар құқығын қорғау жөніндегі көшпелі сараптамалық жұмыс тобы келді. Мемлекеттік ведомстволар өкілдерінен құрылған жұмыс тобы облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтің төрағалық етуімен өткен кеңесте балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын айтып, аталмыш мәселеге орай жергілікті мемлекеттік мекемелердің атқарып жатқан іс-шараларының барысымен танысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің тапсырмасымен құрылған жұмыс тобын “Nur Otan” партиясының “Бақытты отбасы” жобасы, сондай-ақ, аз қамтылған және ауыр өмірлік жағдайларға тап болған отбасыларды қолдау бойынша қандай іс-шаралар қолға алынып жатқаны қызықтырды. «Елбасының бастамасымен 2019 жыл­дың ақпан айынан бастап елімізде төрт жалпыұлттық жобаның жүзеге асып жат­қанын білесіздер. Соның бірі – “Ба­қытты отбасы” жобасы. Аталған жоба аясында “Nur Otan” партиясы жанынан Балалардың құқықтарын қорғау жөнінде кеңес құ­рылып, Президент Әкімшілігі жанынан балалардың мүдделері мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін жүйені жетілдіру бойынша ұсы­ныс­тарды жинау мен зерттеу үшін жұмыс тобы құрылды. Біз өңірлерді осы мақсатта аралап жүрміз», – деді «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің өкілі Рысты Жұмабекова. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев мәлімдегендей, өңірімізде жергілікті атқарушы органдар тарапынан балалардың алаңсыз өмір сүруіне, олардың лайықты білім мен тәрбие алуына жағдай жасалуда. Соның бір көрінісі ретінде біздің облыс аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету аясында біраз жұмыс тындырған. Табысы төмен отбасыларды қаржылық жағдайын жақсарту, балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру және мектеп оқушыларының бос уақытын қызықты өткізу мақсатында арнайы «Жол картасы» жасалған. Өткен жеті ай ішінде облыста 4826 аз қамтылған отбасыға, соның ішінде көпбалалы – 1017, кедейлік жағдайға тап болған 91 отбасына нақты әлеуметтік көмек көрсетілген. “Бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде инклюзивті білім беруге басымдық беріліп отыр. Облысымызда 2042 бала осындай жаңашылдық негізінде білім алуда. 2018 жылы облыс орталығындағы №40 орта мектептің жанынан мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ресурстық орталық құрылды. Алдағы уақытта мұндай орталықтарды аудандарда да ашу көзделген. Сондай-ақ, аутизм ауруына шалдыққан жеткіншектер мәселесіне ерекше назар аударудамыз. Биыл №21 мектепте психологиялық оңалту кабинеті ашылды. Алдағы оқу жылында “Жас өркен” ықшамауданында да 50 балаға арналған дәл осындай тағы бір кабинет жұмыс істейтін болады”, – деді Руслан Қанатханұлы. Ол сондай-ақ жетімін жылатпаған халқы­мыздың шапағатты азаматтары да аса ауыр өмірлік жағдайда қалған балаларға қол ұшын беріп отырғанын атап өтті. Бұл бойынша барлық аудандарда кәсіпкерлер, ірі мекемелер, бизнес құры­лым­дар қызметкерлері жанашыр­лығымен жетім балаларға қолдау көрсету ісінде кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде білім алған жастар жұмысқа орналасып, баспанаға қол жеткізіп, ел дамуына өз үлестерін қосуда.

Бұдан соң облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мәулетбаева “Бақытты отбасы” жобасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. Бүгінгі күні өңірімізде бір жасқа дейінгі баласы бар, көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және асыраушысынан айырылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мәселен, өткен жеті ай ішінде бір жасқа дейінгі баласы бар 3424 азамат 351 млн. теңгенің жәрдемақысына ие болған. Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдау тетіктері артқан. Соның нәтижесінде “Алтын алқа” және “Күміс алқа” наградаларымен марапатталған аналар қатары көбейген. “Қайырымдылық және демеушілік шаралары аясында аз қамтылған отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсету шаралары көбейді. Осы мақсатта 35 млн. теңге қаржы жұмсалды. Ал ауылдарда тұратын 81 көпбалалы отбасы қосалқы шаруашылықты дамыту үшін қаржылай қолдауға ие болды”, – деді Гүлмира Серікқызы.

Әлеуметтік қолдаумен қатар мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізу, олардың біліммен қатар тәрбие жұмыстарына тарту балалар құқығы мен заңды мүдделерін сақтаудың бір жолы болып табылады. Осы орайда баяндама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Прототопова қосымша білім беру жұмысының орындалу барысын сөз етті. Бүгінде өңірімізде мектептен тыс шараларды жүзеге асыратын 77 ұйым түрлі бағытта тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Бұған 40 мың бала тартылған. Соңғы үлгіде жабдықталған Оқушылар сарайы, мектептер жанынан құрылған үйірмелер мен спорттық секциялар өрендердің арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға, эстетикалық тәрбие беруге бағытталған. Білім мекемесінің мамандары жергілікті полиция қызметі өкілдерінің көмегімен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың ата-анасының бақылауынан тыс қалып, қаңғыбастыққа салынбауын қадағалау мақсатында іс-шараларды қолға алған. Нәтижесінде өңірде балалар қылмысы азайған.
Жергілікті атқарушы органдардың балалардың қауіпсіздігі үшін қажетті инфрақұрылым мен орта құру бойынша жұмыс жоспарына қаныққан балалар құқығын қорғау жөніндегі көшпелі сараптамалық жұмыс тобының мүшелері кемшін тұстарымызды атап, оларды жоюға кеңес берді. “Бала құқығы мәселесі – ел саясатының маңызды бөлігі екені сөзсіз. Балалардың өмірі мен денсаулығына назар аударып отыру да осы тұрғыдан келгенде жауапты міндет. Осы орайда ведомстволар жұмысты ширатқаны жөн. Жекелей алғанда, бұл мәселеге жауапты мекемелердің барлығы жақсы жұмыс істеп жатыр. Бірақ, кейбір мәселелерде сараптамалық жұмыстың, ортақ түрде әрекет етудің жетіспейтіні байқалады”, – деді Рысты Мағауияқызы.
Сапар барысында сараптамалық топ бірқатар ауданды аралап, ондағы бала­лар ісі жөніндегі жауапты мамандардың жұмыстарын таразылап, тәжіри­белері­мен бөлісетін болады. Аталған көшпелі кеңес облыс аумағында 12-13 тамыз ара­лығында жұмыс істейді.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp