Жамбыл ауданындағы “Шатило и К” ЖШС-і күздік бидайдан гектарынан 71,4 центнерден өнім алды. Тіпті кейбір алқаптарда өнім шығымдылығы 100 центнерге дейін жетіп отыр.
«Шатило и К» ЖШС-інің бас инвесторы – «Атамекен агро» АҚ-ы. 2008 жылы негізі қаланған шаруашылықтың 34 мың гектар егістік алқабы бар. Оның 23 мың гектарына – дәнді дақылдар, ал 10 мыңына майлы дақылдар себіледі. 780 гектарға күздік бидай еккен олар биыл ел бойынша рекордтық өнім алып отыр.
«Шатило и К» ЖШС-інің директоры Олег Адамның айтуынша, 3 бригададан 50 центнерден өнім алынса, 100 гектар алқаптан 71,4 центнерден жиналған. “Өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, бұл өте жақсы. Қазір күздік бидайды қайта себу жұмыстарына дайындалып жатырмыз. Тазалап, дәрілеп болған соң, 15 тамыздан кейін қайта егеміз. Биыл 1500 гектар алқапқа күздік бидай дәнін сіңіруді жоспарладық. Егіп болған соң қыс бойы қар астында жатады. Келесі жылы осы уақытта жинаймыз”, – дейді серіктестік директоры.
Серіктестік сонымен қатар соя, арпа, жасымық, тағы да басқа дақылдар егеді. Мәселен, былтыр алғаш рет күздік қара бидайды 284 гектар жерге сеуіпті. Қазір егін орағы қарқын алған шақ. Мол астықты шашпай-төкпей жинап алуға мұнда мүмкіндік мол. Алқаптарда жаңа 10 “CLAAS” және 7 “Вектор” комбайны жұмыс істеп жүр. Олег Адамның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасы электронды жүйеге қосылған. Комбайыншыда бункершінің карточкасы болады. Комбайн толған кезде, түрлі-түсті жарық жанып, белгі беретін көрінеді. Уақытты зая етпес үшін, комбайндағы егін бункерге төгіле береді екен. Қанша бидай жиналғаны да электронды түрде көрсетіледі.
Жамбыл ауданындағы егістік алқабының 36 пайызы «Шатило И К» серіктестігіне тиесілі. Аудан бойынша тек осы серіктестік қана күздік бидай егумен айналысады. Диқандар астықты қыркүйек айының соңына дейін жинап алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, бұл ауданда 42 серіктестік, 185 шаруа қожалығы болса, солардың бесеуі – ірі, әрі егістік көрсеткіші бойынша көш бастап тұрғандар.
Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Петр Петровтың мәліметінше, ауданда биыл 185,1 мың гектар алқаптан – дәнді, ал 77,6 мың гектар жерден майлы дақылдар жиналады деп жоспарланған. Әзірге тек бір ғана серіктестік күздік бидайды жинауды қолға алыпты. Қалғандары да жақын күндері жұмысқа кірісуге сақадай сай дайын отыр. Ауданда 524 комбайн бар. Егін орағы науқаны барысында жұмысшылар екі ауысыммен жұмыс істемек.