«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТАРИХ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты бағдарламалық мақаласында айтылған өзекті мәселелер мен тапсырмалар бүгінде сәтті жүзеге асырылуда. Ұлы дала тарихының жеті қыры кеңінен әңгімеленген мақала тарихшылардың көкейінде жүрген біраз сауалдарға жауап берді.

“Архив – 2025” жобасы бойынша өңірімізде мұрағатты түгендеу шаралары басталып кетті. Осыдан біраз жыл бұрын жүзеге асырылған “Мәдени мұра” бағдарламасы арқылы мұрағат деректерін жинақтау үшін әлемнің алыс және жақын шетелдеріне ғалымдар мен мұрағат қызметкерлері іссапарларға барған болатын. Нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты, яғни бұрын белгісіз болып келген мұрағат деректері елімізге жеткізілді. Қазіргі уақытта бұл деректерді ғалымдар, тарихшылар өз зерттеу жұмыстарына пайдалануда. Бірақ аталған бағдарлама бойынша барлық құжаттар түгел әкелінді деуге болмайды.
Мұрағатшылардың алдында бұл игі істерді жалғастыру міндеті тұр. Өйткені, ата-бабамыздың тұрмыс салты мен олар өмір сүрген кезеңдегі бірегей өркениет жайындағы көптеген құжаттық дәлелдер ғылыми айналымға енбей отыр. Оларды әлем бойынша іздестіріп табу – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Өйткені, шет мемлекеттердің архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты деректерді іздестіру-зерттеу жұмыстары тарихымызға қатысты құнды құжаттарды анықтауға мол мүмкіндік береді. Осы орайда архивтерде материалдарды жинастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өкінішке қарай, халқымыздың өткен тарихындағы көптеген оқиғалар құжат жүзінде сақталған жоқ. Еліміздің тарихына қатысты архив қорларының жинақталмауы да төл тарихымызға қатысты “ақтаңдақ беттерді” көбейткені жасырын емес. Екатеринбург, Томск, Новосібір, Самара, Қазан, Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Ташкент қалаларының архивтерінде Қазақстанның халық шаруашылығы тарихына қатысты көптеген материалдар бар және бұл деректер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Осы орайда біз өз өңірімізге қатысты тарихи құжаттарды анықтау мақсатында Азия және ТМД елдеріне сұрау салып, мәліметтер базасын жаңарттық. Жақында Ресейдің Омбы, Орынбор, Санкт-Петербург қалаларынан мамандар Құлсары мен Күлеке батыр туралы ақпараттарды іздеп тапты. Сондай-ақ, бұл архивтерден Үш жүздің басын қосқан Абылай хан туралы тың деректер де табылды. Шетел архивте­ріндегі облысымыздың тарихына қатысты құжаттарды, қолжазбаларды, сирек кездесетін кітаптарды іздестіру, көшірмесін жасату бұрынғы олқылықтардың орнын толтырып, тарихи жадымыз бен санамызды қалыптастыруға игі ықпалын тигізері сөзсіз.
Елбасымыз өз мақаласында атап өткендей, өз тарихыңа деген құрмет, патриотизм сезімі мектептегі тәрбиеден бастау алуы қажет. Сондықтан еліміздің барлық өңірлерінде тарихи-өлкетану мұражайлары мен білім ордалары жанынан тарихи-археологиялық үйірме ашу қажет деп санаймын. Бүгінгі таңда бұл мақсатты іске асыруда біздің аудан бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда. Мұрағат мамандары мектептерге барып, түрлі көрмелер ұйымдастыруда. Балаларға біздің архив ғимаратында ғылыми жобалар жазып, оларға қосымша ақпарат жинауға мүмкіндік беріліп отыр. Осы мақсатта “Жас архившы” клубын аштық. Мәдина Жанабаева, Яна Метринская, Матвей Токмаков сынды оқушыларымыз мұрағатшылардың көмегімен ғылыми жоба жазып, облыстық байқауларда аудан намысын қорғады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, облысымыздың құрметті азаматы Мақтай Сағдиевтің туғаныны 90 жыл толуына орай “Тың игеру жылдары” атты көрме өткізіп, оның сөрелеріне Ресейден табылған құжаттарды қойдық. “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы тапсырмаларды іске асыру мақсатында “Есіл ауданының құрметті азаматтары” атты кітап жарық көрді. Мұндағы материалдар да жаңадан табылған архив құжаттары негізінде жазылған.
Ауданымызда мектеп оқушыларының қатысуымен киелі жерлерге саяхаттау дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Маусым айында “Құлсары батыр” кесенесінің басына барып, сол жерде жастарға атақты әулие жайлы әңгімелеп бердік. Бұл орайда біз өңіріміздің белгілі тұлғаларына арналған қордағы көп мағлұматты пайдаландық. Ендігі кезекте ауданымызға еңбегі сіңген журналист, өлкетанушы М.Ключеров, соғыс ардагері И.Ошмарин мен Еңбек ері Н.Лукьянченко туралы экскурсия дайындамақпыз.
Есіл аудандық архиві мұрағат, ісін дамытудың жаңа кезеңіне көшкелі отыр. Цифрландыру жүйесі­нің мамандарға уақыт үнемдеуге, құжатарды сақтауға, сұраным берушілерге қолжетімділікті арт­тыруда тигізе­тін пайдасы зор. Мәселен, бір құжат күніне 5-6 рет сұралатын уақыттар бола­ды. Ол кезде мұрағатшы кітапты сөгіп, арасындағы құжатты алып, көшірмесін жасап, қайта қорға өткізеді.
Қаншама жылдан бері мұрағатта сақталған құжаттарды күнделікті ақтара бергесін тозады, мәтіні өшеді, кейде қағаз ескіріп, оқылмай да жатады. Осы жұмыстармен айналысатын маманның еңбегі инемен құдық қазғандай. Ал сандық жүйеге қосылған соң ең соңғы үлгідегі технологияларды қолданғанда кітапты сөгіп әуре болмайтынымыз қуантады, бір минутта 150-180 парақты цифрлы көшіріп беруге болады. Архивты цифрландыру арқылы мамандар жұмысын жеңілдетіп, мұрағат құжаттарына деген қажеттілікті арттыру көзделуде.

Людмила ҮМБЕТОВА, Есіл аудандық архивінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp