Біз бұл сауалды өңіріміздегі қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының бұрынғы актрисасы, Т.Жүргенов атындағы өнер институтының түлегі Самал Тәшімоваға қойған едік. Ол былай деп жауап берді:
“Бүгінде, ойлап отырсам, қасиетті Қызылжардағы қазақ театрында он бес жыл қызмет етіппін. Осы уақыт ішінде көптеген рөлдерді сомдадым, өнер адамы ретінде тәжірибе жинадым, өстім, жетілдім. Алайда, уақыт бір орында тұрмайды ғой. Сол сияқты өнер адамы да жеткен биігінде, тоқтаған межесінде қалып қоймауы керек. Ізденіс, жаңашылдыққа ұмтылу, ерекше образдарды сомдау актрисаның талантын аша түседі. Осы бағытта өзімді сынап көрген сәттерім де аз болмады.
Мен киелі сахнаға алғаш шыққан күннен бастап театр өнеріне мамандық ретінде ғана емес, өмірімнің мәні, болашағым ретінде қарадым. Сахнада жүріп жеке өміріме, әйел бақытының немен өлшенетініне көп мән бермегенімді де бүгіп қала алмаймын. Өз уақытында тұрмыс құрып, бір азаматтың жары атанбау, сәби сүймеу қазақ қызы үшін үлкен трагедия екенін кейін ұқтым. Өмірлік серігімді жолықтырғаныма да көп уақыт өте қойған жоқ. Бүгінде Алматы қаласында тұрып жатырмыз. Жолдасымның өз кәсібі бар. Мен біршама уақытқа театрдан қол үзуге ұйғардым.
Қызылжарлық әріптестерімнің, театрымның қолдауы, жылуы әр кез қымбат. Өнеріме оң бағасын берген көрермендерімнің орны ерекше. Шыны керек, өзімнің сол ұжымнан басқа өнер ордасында қызмет етіп жүргенімді елестете алмаймын. Әрине, алдағы уақытта сахнаға қайта оралып, бойымдағы қабілетімді театрдың дамуына арнағым келеді. Бірақ бәрін уақыт көрсетеді. Кейде сахнагер үшін шығармашылық үзіліс те керек шығар”.
Дайындаған Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.