«Жастар жылы» аясында Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында бірінші облыстық “Жастар” спартакиадасы өтті. Дода барысында өңірдің әр ауданынан келген 400-ге жуық спортшы бақ сынады. Жарыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қатысты.
– «Жастар жылы» аясында бұл спартакиаданың өңірімізде алғаш рет өткізілуі айшықты оқиға болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде азаматтардың спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған, – деді Руслан Қанатханұлы.
Жарысқа қатысушылар спорттың алты түрі бойынша кіл мықтыны анықтады. Жалпыкомандалық есеп қорытындысы бойынша Қызылжар ауданының командасы бірінші орынға лайық деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Ақжарлық спортшылар екінші орынды иеленсе, Жамбыл ауданының өкілдері үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Келесі облыстық “Жастар” спартакиадасы Жамбыл ауданында өтетін болады.