Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде магистратураға оқуға түскісі келетін талапкерлерге арналған емтихандар өтуде. Оған 366 адам қатысуда.
Биылғы жылы магистратурада білім алуға арналған емтихандардың тәртібі өзгерді. Яғни, кешенді тестілеуді тапсыру барысында талапкерлердің ағылшын тілінен білімі, оқуға дайындығы және екі сала пәндері бойынша қабілеттері тексеріледі.
– Біздің жоғары оқу орнымызда болашақ магистрлерді дайындау 30 білім бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. 2019 жылы бұл бағдарламалардың жартысына құжаттар алғаш рет қабылдана бастайды. Оған педагогикалық, жаратылыстану-ғылыми мен тілдік бағыттағы магистратура жатады, – дейді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ирина Голодова.
Үстіміздегі жылы елімізде магистратураға 7297 грант бөлінді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 81 грантқа ие болады. Сонымен қатар жергілікті білім ордасына жалпы конкурс бойынша бюджеттік оқыту ұсынылады.