Көзі қарақты оқырман қауым ғасырлық тарихы бар облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің осы уақыт бедерінде “Кедей сөзі”, кейіннен “Кеңес ауылы”, “Бостандық туы”, “Ленин туы” деген атаулармен шығып, туған еліміз бен халқымыздың тарих-тағдырымен сабақтас жарық көріп келе жатқанын жақсы біледі. Біз газетіміздің өткен нөмірлерінде “Кедей сөзі” және “Кеңес ауылы” газеттерінің тарихы жайлы мақалалар жариялаған болатынбыз. Енді сол басылымдарда қолтаңбалары қалған қаламгерлердің түрлі тақырыпты қаузаған материалдарын беруді жөн көріп отырмыз. Назарларыңызға 1920 жылы “Кедей сөзі” атауымен шыққан газетіміздің редакторы болған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Смағұл Сәдуақасовтың бірнеше мақаласын ұсынамыз.
1917-ші жылы жасалған үлкен төңкерістің аяғы кедейлердің, жұмыскерлердің теңдігі болып шықты.
Күні кеше фабрикант, зауытшіктердің, жандарал, төрелердің табанында езіліп, қор болған орыс халқының жұмыскерлері, кедейлері бүгін қолына бар хүкімді алып, Русияның тағдырын өздері билеп отыр. Оларды бұл секілді күнге жеткізген – комунист (балшеуек) партиясы. Коммунист партиясы неліктен жеңді?
– Оның тұтынған жолы дұрыс болғандықтан, көздеген нысанасы анық болғандықтан жеңді.
Жұмыскерлерге, кедейлерге теңдік әперген өктәбір өзгерісінің жалыны шет жұрттарды да шарпыды. Өмірінде үш ұйықтаса түсіне кірмеген теңдікті қазақтың кедейлері де алып отыр. Бірақ билік әлде болса да кедейдің қолына әбден тиген жоқ. Әлде болса да көбінесе жиылысқа аты бар, тоны барлар келеді, әлде болса да ревкомға асы бар, қасы барлар кіреді, әлде болса да елдің ішінде баяғы Николай, Керенский, Колчак замандарындағы секілді партия кімнің партиясы?
– Байдың партиясы.
Бұрын бірін-бірі құлатарда, абақтыға саларда “бұл патшаға қарсы” деп, приговорды жаудырушы еді, енді көбі “бұл саует хүкіметіне қарсы” дегенді тауып алып жүр. Сондықтан саует хүкіметіне қарсы болушы да – бай, оны құлатушы да – бай болып шығып отыр.
Кедей қайда? Теңдік жетіп, енді билікті алайық деп отырған кедей қайда?
Кедей байдың қамшысын соғысып соғып, оның партиясын күшейтіп жүр. Бұл неліктен?
– Бұл әлі кедейдің көзі соқыр болғандықтан. Ол әлі өзінің күні туғанын жөнді сезбегендіктен.
Кедей неліктен әлі соқыр?
Анықталып, оның пайдасын іздейтін азаматтардың өздерінің жолы ашылмағандықтан. Сол себепті бізге, жастарға, оның ішінде еңбекшіл халықтың қамын жеген жастарға анық, ашық жол керек.
Осы күнгі болып жатқан үлкен ауыр іс төңкерістен кейін қазақ халқы, оның еңбекшіл табы тұрмыс жүзінде қандай орын алмақ, соны шешу – біздің бірінші мәселеміз. Ол алатын орынға жету үшін қандай іс істеуіміз керек? Мұны шешу – екінші мәселеміз. Ол істейтін істеріміз жемісті болып шығуы үшін нендей әдісін тұтамыз? Бұл – үшінші мәселеміз, һәм жоғарғы айтылған үш мәселені шешу үшін бізге жалпы бір иман есім керек. Бұл иманымыздың түрін белгілеу – төртінші мәселеміз. Әрине, бізде екі иман болмайды.
Біз еңбекшіл қазақтың пайдасын іздейміз, еңбекшіл қазақтың сөзін сөйлейміз.
Бұрын ел ішінде ата-ата болып жіктенсе, енді кедей, бай қылып жіктейміз. Бұрын қадірлі-қадірсіз, яғни аталы-атасыз болып жіктетсе, енді біз адал ниет һәм арам ниет қылып жіктейміз.
Осылайша, жіктеп алғанда өңшең халықтың қанын сорғандар, өңшең кезептер, бұзақылар өздері де іркіліп қалады. Әне, біз солармен істес болмаймыз.
Бұл – жалпы жолымыз. Ал енді осы мақсатымызға жету үшін біз не істейміз?
Ол іс – жұмыскерлер партиясының істеп отырған ісі, яғни төңкеріс жасау. Елде әлі “баяғы қалпы, баяғы салты”. Бұл ұзаққа созылмасқа керек. Біз, жастар, тұп-тура кеудені ашып, білекті сыбанып, ескіні көз ашып-жұмғанша жоқ қылып, жаңа тұрмыс, жаңа заң жасауымыз керек.
Әрине, біздің бұл жұмысымыз – ауыр жұмыс. Саяси дүниеде бекітіп буын бұғанасы қатпаған, әсіресе, жастарға ауыр жұмыс. Ауыр болғанмен біздің не алдымызда сенеріміз жоқ.
Біздің иманымыз күшті. Біздің тұтынған жолымыз ашық. Адамға ыңғайлы. Бізбен бірге еңбекқорлық, бізбен бірге олардың қамқорлары. Біздің әдісіміз өлсек те солармен бір болу.
Міне, осы жолмен жүргенде баяғыдан бері тепкіде жүрген, қараңғыда, қапаста болған қазақ халқын біз адам қатарына қосамыз. Сонда ғана ертеңгі күні жадырап социализм өмірі туғанда біз, жастар, тек жатпадық дей аламыз.
(“Кедей сөзі”, 1 маусым, 1920 ж.)