«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙМАҚТЫНЫҢ ШЕБЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қолөнер – атадан-балаға мирас болған асыл мұра. Осынау төл өнерді дәріптеп жүргендердің қатары жыл сайын қалыңдап келе жатқаны қуантады. Солардың бірі – Мәриям Ағыбаева. Жастайынан тігін тігіп, кесте тоқыған шебердің қолынан шыққан бұйымдар әрдайым зор сұранысқа ие.

Айыртау ауданындағы Ақан сері ауылын­да өмір есігін ашқан Мәриям апайдың бала­лық шағы ауыр кезеңдермен тұспа-тұс кел­ді. Әкесі майдан даласына аттанғанда, үй­дің бар шаруасы анасына артылды. Буыны қатпай жатып жетімдіктің қамытын киген нәзік жан өмір жолында болаттай шыңда­лып, тағдырының ауыр жүгін арқалауға бе­кінді. Оған анасына қолқанат болып, өзінен кейінгі бауырларын ержеткізу міндеті жүк­телді.
“Шешеге қарап қыз өсер” демекші, Мәриямның икемін байқаған анасы оны қолөнерге баулыды. Жастайынан жоқшылықты көріп өс­к­ен шебердің тігіншілік өнері ескі-құсқыны жа­мап-жасқаудан басталды. Содан бері ине-жіп­ті жанына серік етіп келеді. Тігіншінің қо­лынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады.
– Әлі есімде, он екі жасымда анам маған тігін машинасын сатып әперді. Сол кезде ауылдың қыз-келіншектеріне тапсырыс бойын­ша сәнді көйлектер тігетін едім, – деп бала­лық шағын еске алған ісмер халқымыз ежелден қолөнерге ерекше мән бергенін, ал бүгінде ұлттық нақыштағы киімдер отандық бренд қалыптастырып жатқанын айтты. Қазақша киімдер тігуде Мәриям апай­дың да өз қолтаңбасы бар.
Бүгіндері тігіншінің ою ойып, оқа зер­леп дайындаған өнімдеріне Ақан сері және Саумалкөл ауылы тұрғындарынан тапсырыс көп түседі. Шебер жас отауға сыйлайтын кәденің ішінде құрақ көрпенің жөні бөлек екенін айтты. Бірақ оны жасау ептілікті, қажырлы еңбекті қажет ететі­нін ескерген жөн.
– Құрақ құрауда шыдамды болу керек. Түрлі-түсті маталар бір-бірімен үйлесім та­буы тиіс. Матаның да қалай қиылғанына назар аудару керек. Кез келген қолөнер туын­дысы тиянақтылықты талап етеді, – деді ол.
Оның айтуынша, тігіншілік өнерді меңгергендер мате­матикаға зерек болғаны жөн. Себебі, тігін тігуде дәлдік, есеп, тең­дік керек. Бұл өнер бойға шабыт беріп, кө­ңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке баулиды.
Жалпы, Мәриям апаның қолынан шыққан әр бұйым ерек­ше талғаммен, тың ізденіспен, асқан ше­берлікпен жасалады.
Он бір құрсақ көтеріп, ұл-қызымен мәуелі бәй­теректей жайқалған асыл әженің қыз­дары мен келіндері де қолөнермен айна­лысады. Зәуре мен Сәуле анасының ізін жалға­са, немересі Күнсұлу жеке кәсіп ашып, ісмерлігімен көпшілікті сүйсінтуде. Өзімен бірге тұратын келіні Эльмира да қолы қалт етсе, құ­рақ құрап, тігін тігеді.
Пайым-парасаты мол шеберден жастар­дың да үйренері көп. Өзінің білгенін өзгеге үйреткен әжей – әулетіне ғана емес, ауыл­дастарына да сыйлы ана. Бастысы, елуге жуық немересі, қырықтан астам шөбересі бар шебер ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp