Қолөнер – атадан-балаға мирас болған асыл мұра. Осынау төл өнерді дәріптеп жүргендердің қатары жыл сайын қалыңдап келе жатқаны қуантады. Солардың бірі – Мәриям Ағыбаева. Жастайынан тігін тігіп, кесте тоқыған шебердің қолынан шыққан бұйымдар әрдайым зор сұранысқа ие.
Айыртау ауданындағы Ақан сері ауылында өмір есігін ашқан Мәриям апайдың балалық шағы ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Әкесі майдан даласына аттанғанда, үйдің бар шаруасы анасына артылды. Буыны қатпай жатып жетімдіктің қамытын киген нәзік жан өмір жолында болаттай шыңдалып, тағдырының ауыр жүгін арқалауға бекінді. Оған анасына қолқанат болып, өзінен кейінгі бауырларын ержеткізу міндеті жүктелді.
“Шешеге қарап қыз өсер” демекші, Мәриямның икемін байқаған анасы оны қолөнерге баулыды. Жастайынан жоқшылықты көріп өскен шебердің тігіншілік өнері ескі-құсқыны жамап-жасқаудан басталды. Содан бері ине-жіпті жанына серік етіп келеді. Тігіншінің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады.
– Әлі есімде, он екі жасымда анам маған тігін машинасын сатып әперді. Сол кезде ауылдың қыз-келіншектеріне тапсырыс бойынша сәнді көйлектер тігетін едім, – деп балалық шағын еске алған ісмер халқымыз ежелден қолөнерге ерекше мән бергенін, ал бүгінде ұлттық нақыштағы киімдер отандық бренд қалыптастырып жатқанын айтты. Қазақша киімдер тігуде Мәриям апайдың да өз қолтаңбасы бар.
Бүгіндері тігіншінің ою ойып, оқа зерлеп дайындаған өнімдеріне Ақан сері және Саумалкөл ауылы тұрғындарынан тапсырыс көп түседі. Шебер жас отауға сыйлайтын кәденің ішінде құрақ көрпенің жөні бөлек екенін айтты. Бірақ оны жасау ептілікті, қажырлы еңбекті қажет ететінін ескерген жөн.
– Құрақ құрауда шыдамды болу керек. Түрлі-түсті маталар бір-бірімен үйлесім табуы тиіс. Матаның да қалай қиылғанына назар аудару керек. Кез келген қолөнер туындысы тиянақтылықты талап етеді, – деді ол.
Оның айтуынша, тігіншілік өнерді меңгергендер математикаға зерек болғаны жөн. Себебі, тігін тігуде дәлдік, есеп, теңдік керек. Бұл өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке баулиды.
Жалпы, Мәриям апаның қолынан шыққан әр бұйым ерекше талғаммен, тың ізденіспен, асқан шеберлікпен жасалады.
Он бір құрсақ көтеріп, ұл-қызымен мәуелі бәйтеректей жайқалған асыл әженің қыздары мен келіндері де қолөнермен айналысады. Зәуре мен Сәуле анасының ізін жалғаса, немересі Күнсұлу жеке кәсіп ашып, ісмерлігімен көпшілікті сүйсінтуде. Өзімен бірге тұратын келіні Эльмира да қолы қалт етсе, құрақ құрап, тігін тігеді.
Пайым-парасаты мол шеберден жастардың да үйренері көп. Өзінің білгенін өзгеге үйреткен әжей – әулетіне ғана емес, ауылдастарына да сыйлы ана. Бастысы, елуге жуық немересі, қырықтан астам шөбересі бар шебер ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.