«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОКТЯБРЬ ТӨҢКЕРІСІ ӘМ ҚАЗАҚ ЕҢБЕКШІЛДЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орыс халқында күшті таптың жерге қожа болуы һәм жер ас­тында болған байлықты меншік­теніп, әлсіздердің күшімен пайда­лану “бай”, “кедей” деген екі тапқа айырған. Жерге қожа болған бай­лар неше жүздеп құл ұстайтын. Жерді сол құлдар жыртып, солар егін шашатын. Піскенде оратын байлар болатын. Жерді байларға кім берген? Жүздеп, мыңдап тұт­қын құлдардың күшін пайдалан деп кім ерік берген? Онда ешкім­нің жұмысы да жоқ. Жалғыз-ақ байлардың иманы – жерге қожа болу һәм оның асты-үстіндегі бай­лықты меншіктену. Әлсіз тапты құлдануды Құдай біздің еншімізге берген деп түсінген.

Байлардың құлдығында жүрген кедейлер “біз әуелден байларға құл болып жаратылдық” деп түсінген, жерге қожа болған байлардың қол астындағы кедейлердің тұрмысы ауыр, байлардың тая­ғында шіріп, қорлықта өмір ке­шірген.
Байлар кедейлердің күшімен пайдаланып жер астындағы байлықты алу үшін әр жерге зауыт, фабрика орнатады. Оның тағы бейнетін көретін кедейлер, рақа­тына байлар ортақ.
Зауытта өмір кешірген кедей­лердің тұрмысын еске түсіріп, көз алдымызға келтірсек, мына сияқ­ты: зауытта өсіп-өнген бала ес біліп, әжетке жараған соң-ақ, жерден байларға алтын, күміс, темір, бақыр, қалайы, қорғасын, тұз, көмір… секілді қазына әперу үшін жанын аямай қолына күрек, шот алып, тірідей жер астына түскен.
Зауытта қызмет істейтін халық пен егіншілікпен кәсіп қылған халықтың тұрмысында көп айырма бар. Жер астындағы байлықты шығару оңай емес. Қазылған әлісте неше шақырым қараңғы жерден жаяу қол арбамен жер үстіне балшық шығарады. Жер асты қараңғы, дым, һауасы тар. Еркіндеп дем алу қиын.
Жер астында 8 сағат қызмет міндетті зауытта жұмыскер балалары 12-13 жастан-ақ жұмысқа кірісе бастайды. 12 жастан жұмыс істеген балалар бұрын айына бір жарым пұт ас-су алатын болған.
Зауыттың 15 жастағы баласы қалыпты үлкен жұмыскерлер есебінде істейді. Үлкен кісінің жұмысын орындау оларға міндетті. Олардың айына алатыны 2 пұт ас-су.
Енесінен туғалы түк көрмеген бала көзін сондай ауыр жұмыспен ашады. Бар күш-қуатын сонда жұмсайды. Қайраты, күші, өнері сонда сіңеді. Туғаннан оған ешбір жақсылық жоқ, серпілу, ойнау, күлу болмайды. Бірақ оның көре­тіні – жердің астында қараңғылық, үстіне шықса – қожалардың, басқарушылардың, приказчиктердің ақыруы, зекіруі. Баяғы оның ата-бабасы да сол тұрмыспен өсіп-өн­ген. Жұмыста басы ауырып, балтыры сыздаса есепке алу болмайды. Бірақ өлсең де жұ­мысыңды орнына келтір. Екінші, зауытта өскен балалардың мінез-құлқы нашар болып өскен, себебі, өзінен жоғары төрелерден жақсы сөз естімейді. Олардың ақырып-зекуінен басқа.
Соның үшін олардан көргенін істегісі келеді. Ұрсуға, төбелесуге, біреуді масқаралауға үйренеді. Оның көргені сол Жер жүзіндегі барша жақсы адам үстінен қарай­тын бабалар деп біледі. Туғаннан мейірімді, жылы сөз естімегендіктен, суық түс, қатты сөз рухына сіңіп қалады. Оларға жақсылықты үйретерлік адам жоқ. Айнала-маңайының бәрі теріс мінезді, тоң-теріс адамдар болғандықтан, зауытта туып-өскен балалар да – сол тәрбиесімен өседі. Балалар біреуді аса еліктегіш, көргенін істемей қоймайды.
Байлардың кедейлерге қо­жалығы жалғыз оларды құлданып, күшімен пайдалану емес, олардың кедейлерге төмен көзбен қарауы да нашар тәрбие берген.
Осындай тұрмыс, байлардың жұ­мыскерді құлдануы кедей-жұмыскер-табының жыл сайын дұспандығын арттырып, ашуын қайнатқан. Бай мен кедейлердің арасында туған дұспандық тұр­мыстың аралығынан келеді. Себебі, “бай” – “кедейлік” біреулер өмір бойына еңбек қылып жанын жалдаса, біреулер еңбексіз жанбасынан жатып жегендігінен туған. Сол сияқты арамтамақтық, жанбасынан жатып жеу – зауыт-фабрика иесі байлардың жұмысы. Фабрикада кездеме тоқыса, кедейлердің қолынан шығып отыр. Оны жұмыскерлердің көзі көрсе де, қолы ұстамайды, фаб­ри­канттардыкі. Кездемені істеп шығарған жұмыскерлер фабри­кант бол­майды. Еңбексіз шалқа­сынан жатып, төтеден ие болған бай фабрикант болады, “бай тоқып шығарды” болады.
Табиғат бір нәрсеге қатты қысылса, шыдай алмай жарылып кетпекші. Жерде зіл-зала болса жердің асты-үстіне келіп, үстіндегі ауыл, шаһар, тау-тас – бәрін де бөріктей ұшырады. Үстіндегі нәр­селердің бәрі ойран-ботқа бола­ды. (Алматыда 1909-1910 жылдарда зіл-зала болып, көп мүлік қирап, қанша жан әлек болған). Октәбір өзгерісін туғызып отырған – миллиондаған жұмыскерлердің маңдай тері, мыңдап саяси ерлердің қаны.
Біз қазақ тұрмысын алсақ, екі тапқа қазақты бөлерлік еш себеп жоқ. Қазақ тұрмысын жаппай бір түрлі құлданушы да, құлдық та, жа­саушы тап та қазақта жоқ. Қа­зақтан фабрик-зауыт ұстап, неше мың жұмыскерлерді құлдықта тоздырған капиталистер жоқ. Қа­зақты шет халықтар құлданбаса, өз ішінен құлданушылар шыққан жоқ.
Патша тұсында орыс құлдығын да жасады. Жер мәселесінде қазаққа деген ұлтарақтай жер жоқ та. Патша Ресейден переселен жіберсе, қазақты киікше тау-тасқа қуатын. Олай болса, қазақ хал­қының бәрі еңбекшіл. Қазақ ғылым-білімнен бос болған­дық­тан, патшаны іс басынан қуатын бір партияның болатынын білмеді де. Патшаны түсіріп, Октәбір төңкерісін жасаған – коммунист (большевик) партиясы. Октәбір төңкерісінде қазақ халқы комму­нист партиясының мәніне түсіне, Октәбір төңкерісі қадірін біле алмай қалды. Оны білдірмеген – қазақ халқының саяси сезімі жоқтығы. Екінші, патша генералдарының құтыртуы.
Ресейге саует хүкіметі орна­ғалы үш жыл. Қазақ сол үш жылдың ішінде саует хүкіметі болмаған әр партияның дәмін татып қарады. Бірақ қай партия болса да қазаққа бостандық беріп, өз тізгінін беріп қоя берген жоқ. Ноябрь өзгерісінен бері кімнің қас, кімнің дос екендігін біле бастады. Жалпы езілген таптың қамын ойлайтын саует хүкіметі қазақтың өз тізгінін өзіне беріп отыр. Қазақ – еңбекшіл халық, сондықтан қазақ еңбекшілеріне ноябрь төңке­рісінен былай қарай саует хүкіметінің қанаты астында іске кірісті. Қазаққа бостандықты саует хүкіметі берді. Неше жылдай пат­ша хүкіметінің жәбіршілігін көрген қазақ халқы бүгінде саует хүкіметі арқылы өз билігін алып отыр. Қазақ еңбекшілері саует хүкіметін шын жарлыны жақтайтын хүкімет деп танып, ынталы көңіл, шын ықыласымен іске кірісті.

Смағұл СӘДУАҚАСҰЛЫ.
(“Кедей сөзі”, 1920. 7. XI.)

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp