Орыс халқында күшті таптың жерге қожа болуы һәм жер астында болған байлықты меншіктеніп, әлсіздердің күшімен пайдалану “бай”, “кедей” деген екі тапқа айырған. Жерге қожа болған байлар неше жүздеп құл ұстайтын. Жерді сол құлдар жыртып, солар егін шашатын. Піскенде оратын байлар болатын. Жерді байларға кім берген? Жүздеп, мыңдап тұтқын құлдардың күшін пайдалан деп кім ерік берген? Онда ешкімнің жұмысы да жоқ. Жалғыз-ақ байлардың иманы – жерге қожа болу һәм оның асты-үстіндегі байлықты меншіктену. Әлсіз тапты құлдануды Құдай біздің еншімізге берген деп түсінген.
Байлардың құлдығында жүрген кедейлер “біз әуелден байларға құл болып жаратылдық” деп түсінген, жерге қожа болған байлардың қол астындағы кедейлердің тұрмысы ауыр, байлардың таяғында шіріп, қорлықта өмір кешірген.
Байлар кедейлердің күшімен пайдаланып жер астындағы байлықты алу үшін әр жерге зауыт, фабрика орнатады. Оның тағы бейнетін көретін кедейлер, рақатына байлар ортақ.
Зауытта өмір кешірген кедейлердің тұрмысын еске түсіріп, көз алдымызға келтірсек, мына сияқты: зауытта өсіп-өнген бала ес біліп, әжетке жараған соң-ақ, жерден байларға алтын, күміс, темір, бақыр, қалайы, қорғасын, тұз, көмір… секілді қазына әперу үшін жанын аямай қолына күрек, шот алып, тірідей жер астына түскен.
Зауытта қызмет істейтін халық пен егіншілікпен кәсіп қылған халықтың тұрмысында көп айырма бар. Жер астындағы байлықты шығару оңай емес. Қазылған әлісте неше шақырым қараңғы жерден жаяу қол арбамен жер үстіне балшық шығарады. Жер асты қараңғы, дым, һауасы тар. Еркіндеп дем алу қиын.
Жер астында 8 сағат қызмет міндетті зауытта жұмыскер балалары 12-13 жастан-ақ жұмысқа кірісе бастайды. 12 жастан жұмыс істеген балалар бұрын айына бір жарым пұт ас-су алатын болған.
Зауыттың 15 жастағы баласы қалыпты үлкен жұмыскерлер есебінде істейді. Үлкен кісінің жұмысын орындау оларға міндетті. Олардың айына алатыны 2 пұт ас-су.
Енесінен туғалы түк көрмеген бала көзін сондай ауыр жұмыспен ашады. Бар күш-қуатын сонда жұмсайды. Қайраты, күші, өнері сонда сіңеді. Туғаннан оған ешбір жақсылық жоқ, серпілу, ойнау, күлу болмайды. Бірақ оның көретіні – жердің астында қараңғылық, үстіне шықса – қожалардың, басқарушылардың, приказчиктердің ақыруы, зекіруі. Баяғы оның ата-бабасы да сол тұрмыспен өсіп-өнген. Жұмыста басы ауырып, балтыры сыздаса есепке алу болмайды. Бірақ өлсең де жұмысыңды орнына келтір. Екінші, зауытта өскен балалардың мінез-құлқы нашар болып өскен, себебі, өзінен жоғары төрелерден жақсы сөз естімейді. Олардың ақырып-зекуінен басқа.
Соның үшін олардан көргенін істегісі келеді. Ұрсуға, төбелесуге, біреуді масқаралауға үйренеді. Оның көргені сол Жер жүзіндегі барша жақсы адам үстінен қарайтын бабалар деп біледі. Туғаннан мейірімді, жылы сөз естімегендіктен, суық түс, қатты сөз рухына сіңіп қалады. Оларға жақсылықты үйретерлік адам жоқ. Айнала-маңайының бәрі теріс мінезді, тоң-теріс адамдар болғандықтан, зауытта туып-өскен балалар да – сол тәрбиесімен өседі. Балалар біреуді аса еліктегіш, көргенін істемей қоймайды.
Байлардың кедейлерге қожалығы жалғыз оларды құлданып, күшімен пайдалану емес, олардың кедейлерге төмен көзбен қарауы да нашар тәрбие берген.
Осындай тұрмыс, байлардың жұмыскерді құлдануы кедей-жұмыскер-табының жыл сайын дұспандығын арттырып, ашуын қайнатқан. Бай мен кедейлердің арасында туған дұспандық тұрмыстың аралығынан келеді. Себебі, “бай” – “кедейлік” біреулер өмір бойына еңбек қылып жанын жалдаса, біреулер еңбексіз жанбасынан жатып жегендігінен туған. Сол сияқты арамтамақтық, жанбасынан жатып жеу – зауыт-фабрика иесі байлардың жұмысы. Фабрикада кездеме тоқыса, кедейлердің қолынан шығып отыр. Оны жұмыскерлердің көзі көрсе де, қолы ұстамайды, фабриканттардыкі. Кездемені істеп шығарған жұмыскерлер фабрикант болмайды. Еңбексіз шалқасынан жатып, төтеден ие болған бай фабрикант болады, “бай тоқып шығарды” болады.
Табиғат бір нәрсеге қатты қысылса, шыдай алмай жарылып кетпекші. Жерде зіл-зала болса жердің асты-үстіне келіп, үстіндегі ауыл, шаһар, тау-тас – бәрін де бөріктей ұшырады. Үстіндегі нәрселердің бәрі ойран-ботқа болады. (Алматыда 1909-1910 жылдарда зіл-зала болып, көп мүлік қирап, қанша жан әлек болған). Октәбір өзгерісін туғызып отырған – миллиондаған жұмыскерлердің маңдай тері, мыңдап саяси ерлердің қаны.
Біз қазақ тұрмысын алсақ, екі тапқа қазақты бөлерлік еш себеп жоқ. Қазақ тұрмысын жаппай бір түрлі құлданушы да, құлдық та, жасаушы тап та қазақта жоқ. Қазақтан фабрик-зауыт ұстап, неше мың жұмыскерлерді құлдықта тоздырған капиталистер жоқ. Қазақты шет халықтар құлданбаса, өз ішінен құлданушылар шыққан жоқ.
Патша тұсында орыс құлдығын да жасады. Жер мәселесінде қазаққа деген ұлтарақтай жер жоқ та. Патша Ресейден переселен жіберсе, қазақты киікше тау-тасқа қуатын. Олай болса, қазақ халқының бәрі еңбекшіл. Қазақ ғылым-білімнен бос болғандықтан, патшаны іс басынан қуатын бір партияның болатынын білмеді де. Патшаны түсіріп, Октәбір төңкерісін жасаған – коммунист (большевик) партиясы. Октәбір төңкерісінде қазақ халқы коммунист партиясының мәніне түсіне, Октәбір төңкерісі қадірін біле алмай қалды. Оны білдірмеген – қазақ халқының саяси сезімі жоқтығы. Екінші, патша генералдарының құтыртуы.
Ресейге саует хүкіметі орнағалы үш жыл. Қазақ сол үш жылдың ішінде саует хүкіметі болмаған әр партияның дәмін татып қарады. Бірақ қай партия болса да қазаққа бостандық беріп, өз тізгінін беріп қоя берген жоқ. Ноябрь өзгерісінен бері кімнің қас, кімнің дос екендігін біле бастады. Жалпы езілген таптың қамын ойлайтын саует хүкіметі қазақтың өз тізгінін өзіне беріп отыр. Қазақ – еңбекшіл халық, сондықтан қазақ еңбекшілеріне ноябрь төңкерісінен былай қарай саует хүкіметінің қанаты астында іске кірісті. Қазаққа бостандықты саует хүкіметі берді. Неше жылдай патша хүкіметінің жәбіршілігін көрген қазақ халқы бүгінде саует хүкіметі арқылы өз билігін алып отыр. Қазақ еңбекшілері саует хүкіметін шын жарлыны жақтайтын хүкімет деп танып, ынталы көңіл, шын ықыласымен іске кірісті.
Смағұл СӘДУАҚАСҰЛЫ.
(“Кедей сөзі”, 1920. 7. XI.)