«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕГІЗ ЖЫЛҒА ҚАМАЛҒАН АЙЫПТАЛУШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылы облыс орталығындағы “Азия” дәмханасында туындаған жанжалдың кесірінен Жамбыл ауданының 22 жастағы тұрғыны көз жұмған болатын. Ал оған ауыр соққы жасап, өліміне себепші болды деп айыпталған адам сегіз жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сот залында өзінің кінәсіздігін айтудан танбаған айыпталушы арада бір жыл өткеннен кейін апелляциялық шағым түсірген. Оның ісі қайта қаралып, нәтижесінде кінәсіз деп танылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында айтылды.

Жиынға қатысқан облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов алдымен сот жүйесін жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстар және оның қорытындысы жайлы баяндады. Облыстағы сот органдарында 16 бос қызмет орны бар. Биыл сот төрелігі сапасының жылы болып жарияланғандықтан судьялық қызметке орналасудың талаптары күшейген. Облыстық соттың төрағасы судьялардың еңбекақысы әжептәуір жоғары екенін атап өтті. Аудандық соттардың төрағалары еңбек өтілі мен біліктіліктеріне қарай орташа есеппен 450 мыңнан жоғары алса, облыс соттары судьяларының жалақысы 550 мың теңгеден асады.
– “Үлгілі сот” жобасының аясында жергілікті соттардың ғимаратында бес фронт-кеңсе жұмысын бастады. Келушілер бұл жерде кеңесші, медиатор, нотариус және халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының көмегіне жүгіне алады, – деді Ерлан Айтжанов.
Биылғы есептік кезеңде облыс соттарында 529 қылмыстық іс қаралған, бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе аз көрсеткіш. Бұған жалпы қылмыстық заң бұзушылықтардың азаюы және 330 қылмыстық істің тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылуы себеп. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Владимир Кириленконың айтуынша, сот тәртібімен аяқталған қылмыстық істердің саны да 2,2 пайызға азайып, 515-ті құраған.
Апелляциялық инстанциядағы сот қылмыстық жауапкершілікке тартылған екі адамды ақтап шықты. Владимир Кириленко өткен жылғы мамыр айында “Азия” дәмханасында туындаған жанжалға қатысты фактіні мысалға келтірді. Алдымен, жас жігіттің өліміне себепкер болғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған күдікті, 25 жастағы Иван Клементьев апелляциялық инстанциядағы сот арқылы кінәсіз екенін дәлелдеді. Сот отырыстарына медициналық сараптаманы жүргізген мамандар шақырылып, айыпталушының марқұмға қатты соққы жасамағаны белгілі болды. Спирттік ішімдіктен ұрттап алған жапа шегуші айыпталушыға жұдырық сілтегенде, өзі асфальтқа құлап, басын ұрып алған. Айыпталушы сот залынан босатылды.
Жыл басынан бері жалпы 9 мыңға жуық азаматтық істің 13 пайызын облыс судьялары жеңілдетілген түрде қарады. Бірінші инстанциядағы соттың 620 шешімі апелляциялық тәртіпте қайта қаралып, 542-сі өзгеріссіз қалды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp