Облыс аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы 9 мың шақырымды құраса, оның 39 пайызының жағдайы көңіл көншітпейді. Жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп отыратын жолдарды жөндеуге былтыр ел бюджетінен 33 млрд. теңге бөлінсе, биыл тағы 37 млрд. теңге қарастырылған. Әлемнің өркениетті елдері ең алдымен жол қатынасына ерекше назар аударады. Жолдың сапасын бақылау “Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” РМК облыстық филиалына жүктелген.
Бұл мекеме Петропавл қаласының іргесіндегі ғимаратта орналасқан. 2006 жылы ашылып, бұған дейін “Солтүстік жол зертханасы” деген атауға ие болған филиалға білікті әрі тәжірибелі маман Марат Дарбаев жетекшілік етеді.
Осыдан он үш жыл бұрын құрылған зертханада он бір маман жұмыс істесе, оның үшеуі – инженер, екеуі – зертханашы. Жол саласында жұмыс тәжірибесі мол мамандардың ішінде, әсіресе, Ресейдің Сібір автожол институтының түлегі Александр Грязновтың, жол құрылыс инженері Еркін Әбілмәжіновтің, материалдар бойынша инженер Алмас Өміралиновтің, тәжірибелі зертханашы Галина Журавлеваның есімдері ерекше құрметпен аталады. Өз ісінің білгірлері автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде құрылыс материалдарының талапқа сай болуын, атқарылған жұмыстың нормативтік-техникалық құжаттардан, жобадан ауытқымауын қадағалайды. Инженер құрылыс материалдарының сапасын, тығыздығы мен беріктігін тексереді. Ал мекемедегі зертханашылар жолдан әкелінген сынамаға сараптама жүргізеді.
Инженерлердің жұмысын жеңілдету мақсатында былтыр орталыққа құны 100 млн. теңге тұратын заманауи жылжымалы зертхана сатып алынған. Содан бері жергілікті мамандар жолдың асфальт жабындысының сапасын жүре тексеру мүмкіндігіне қол жеткізуде. Жылжымалы зертхананың операторы Еркін Әбілмәжінов – Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс факультетінің түлегі.
– Жүріп өткен жолдардың қашықтығын өлшейтін қондырғы датчик, сапаға бақылау жүргізетін шолушы камералар, лазерлік қондырғылар мен георадарлар бар. Тексеру қорытындылары көлік ішіндегі өндірістік компьютерге автоматты түрде түседі. Барлық анықталған кемшіліктер туралы ақпарат “KazRoadLab” атты электрондық базаға жіберіледі, – дейді маман.
– Жолдың ені мен биіктігін, геодезиялық белдігін қамтитын геометриялық параметрлерді, қажетті материалдардың қоспасын жасаудың талаптарын сақтамаудың нәтижесінде оның сапасына нұқсан келеді. Мысалы, материалдарға топырақ, саз бен басқа да түрлі қажетсіз заттардың араласуынан, темір-бетон бұйымдарында сызат және жарылу сияқты техникалық ақауларды жиі анықтаймыз. Кейбір жағдайларда асфальт-бетон жамылғысын төсеген кезде қажетті температура сақталмайды. Әр сынамаға жүргізілетін сараптаманың өз мерзімі бар. Бірі екі-үш сағаттың ішінде дайын болса, екіншілері бірнеше айға дейін созылуы мүмкін, – дейді зертханашы Галина Викторовна.
Барлық зертханалық сараптамалар мен сынақтар аяқталған соң анықталған кемшіліктер мен ақаулар бойынша акт жасалып, құжат тапсырыс беруші мен мердігерге жіберіледі. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен және “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-ы облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс істейтін мекеме өкілдері 2018 жылы 210 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдың сапасын тексерген. Олардың 60,5 шақырымы жаңғыртылса, 1,5 шақырымға күрделі, ал 148 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 142 шақырымды құраған облыстық маңызға ие жол жөнделді. Зертхана мамандары жөндеу және күтіп-баптау жұмыстары қолға алынған бұл учаскелерге 166 рет шығып, жол-құрылыс материалдарынан 319 сынама алған.
Филиал мамандарының айтуынша, бұдан бір-екі жыл бұрын Қызылжар, Аққайың және Мамлют аудандарында жөндеу жұмыстары жүргізілген тасжолдың асфальт жабындысы жарылып кеткен. Тексеріс нәтижесінде жол үстіне төселген асфальт-бетонның қалыңдығы кейбір жерде талапқа сай еместігі анықталған. Сөйтіп, құрылыс жұмыстарын өндіріс талаптарына сәйкес жүргізбеген мердігер компанияларға ескерту жасалды. Қазіргі уақытта барлық кемшіліктер серіктестіктердің есебінен түзетілді.
– Зертхана үстіміздегі жылы “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” республикалық мемлекеттік мекемесінің филиалы болып қайта құрылып, бізге облыстық, аудандық және ауылішілік жолдарды тексеру міндеті жүктелді. Бұл жұмыстарды атқару үшін қомақты қаражат керек. Алдағы уақытта облыс әкімдігімен меморандум жасалғаннан кейін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Сөйтіп, көп кешіктірмей филиал мамандарының қатарын толықтырып, тағы бір кешенді жылжымалы көлік сатып алуды жоспарлап отырмыз, – дейді Марат Қабдолкәрімұлы.
Осылайша, сапасыз жолдардың құрылысына тосқауыл қойылып, бұл саладағы кемшіліктер түзелетін болады. Ендеше, тақтадай тегіс жолмен жүйткейтін күн де алыс емес.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: инженер А.Өміралинов; жылжымалы зертхана көлігі.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.