М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің әскери кафедрасына 80 студент қабылданды.
Әскери кафедраға түскен адам Отан алдындағы борышын өтемей-ақ, офицер запасына қабылдануы мүмкін. Студенттер кафедраға түсу үшін іріктеу кезеңінде жергілікті әскери басқару органдарында әскери-дәргерлік сараптаманы жүргізу қағидалары туралы ережеге сәйкес медициналық куәландырудан, компьютерлік сыныптарда кәсіби-психологиялық тестілеуден өтті, сонымен қатар “Динамо” стадионында тіреуішке тартылып, 100 және 3000 метр қашықтықта жүгіруден сынға түсті. Конкурстың әрбір кезеңінде талапкерлерге тек бір мүмкіндік қана берілді.
Кафедра меңгерушісі, полковник Шайзатхан Абжапбаровтың айтуынша, биыл әскери кафедраға түсуге 500-ге жуық студент ниет білдірген. Бірақ Қорғаныс министрлігі бекіткен талаптардан тек 80 студент сүрінбей өтті.
Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындықтың толық курсын бітірген және бітіру емтиханын тапсырғандарға “запастағы лейтенант” әскери атағын беру ұсынылады.
Айман ӘБЖАПБАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент баспасөз қызметінің бастығы.