Мал санын көбейтіп, ет өнімдерінің көлемін арттыру үшін жақсы жайылымдар қажет. Біздің өңірде 50-ден астам жайылым бар. Бірақ олардың жағдайы қалай, төрт түлікті жаюға жарамды ма? Былтырдан бастап Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының мамандары «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясымен бірігіп өсімдіктерді зерттеу және олардың жаңа сұрыптарын ойлап тауып, сынақтан өткізу жұмыстарын қолға алған болатын. Бұл ауқымды жоба бүгінде өз нәтижесісін бере бастаған.
52 жылдық тарихы бар ғылыми зерттеу институтында бүгінде 40-тан астам маман қызмет етеді. Олар өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытып, оның әлеуетін арттыру жолында еңбек етіп келеді. Бүгін де сол бағыттан жаңылмаған олар облысымыздағы егістіктердің, жайылымдардағы шөптің құрамын зерттеуді қолға алған. Мақсат – төрт түлікке пайдалы азық болатын өсімдіктерді анықтау және жаңа сұрыптарды ойлап табу.
Институттың өсімдік шаруашылығы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Еркегүл Есмағұлованың айтуынша, бүгінде облысымызда 150 танап бар, оның 100-і – егістік, ал 50-і – жайылымдық алқап. СҚ ауылшаруашылығы ғылыми зерттеу институты мен «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының осы алқаптарды зерттеуіне қажетті қаражат бөлініп, Венгрия, Франция, Ресей елдерінен түрлі өсімдіктердің сұрыптары әкелініп егілуде.
Өсімдік шаруашылығы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Әйіп Ысқақов Қызылжар ауданында институттың 8 гектар жері бар екенін айтады. Онда мамандар басқа елдерден әкелген өсімдіктердің сұрыптарын салыстырып, өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ мұнда студенттер де келіп тәжірибеден өтеді.
http://petropavltv.kz