Соңғы жылдары облысымызда құрылыс саласындағы жұмыстар жоғары қарқынмен жүргізілуде. Бүгінгі таңда заман талабына сай салынған жаңа ғимараттар өңірдің шырайын кіргізіп, көркіне сән қосып, өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беріп отыр десек, артық айтқанымыз емес.
Еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігі Петропавл қаласында аспанмен таласа бой көтерген жаңа үйлерден көрініп тұр. Облыс орталығында жыл соңына дейін 11 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал 2020 жылы “Юбилейный”, “Жас өркен”, “Шығыс”, “Береке” және “Копай” шағынаудандарында ескі үйлерді сүріп, орнына тағы 83 көпқабатты үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Яғни, солтүстікқазақстандықтар үшін сәулетті құрылыс нысандары болашаққа деген сенімді нығайтты. Өңіріміздің дамуында өзіндік қолтаңбасы бар компаниялар аз емес. Олардың ішінен “Альфа-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ерекше атап өтуге болады.
Іргелі құрылыс ұйымының директоры Андрей Капустин – Қарағанды қаласындағы саяси-техникалық институтының түлегі. Жоғары оқу орнын өндірістік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша тамамдаған жерлесіміз осы салада білек сыбана еңбек етіп келеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Құрылыс – ел экономикасының локомотиві” деп атап көрсеткен еді. Бұл – құрылысшылардың еңбегіне берілген аса зор баға. Компаниямыз облыс экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосуда. Өңіріміздегі нысандардың басым бөлігінде біздің құрылысшыларымыздың қолтаңбасы бар. Бұл саланың өзіндік қызығы мен қиындығы көп. Ең бастысы – біз туған жеріміздің гүлденуіне өз үлесімізді қосып келеміз, – дейді Андрей Викторович.
Басшының айтуынша, алғашқы жылдары серіктестік үшін қаржылық мәселелер және білікті мамандар табу жағы қиынға соғады. Басқа да кедергілерден сүрінбей өтіп, қазіргі таңда өңіріміздің құрылыс нысандарында өзіндік орны бар серіктестіктердің біріне айналды.
Бүгінге дейін Қызылжар ауданының орталығында 280 орындық “Мирас” балабақшасын, 400 орындық мектеп-интернатын, басқа да әлеуметтік нысандарды салып, халық игілігіне берді. Тұрғындарды ауызсумен қамту міндеті де осы серіктестікке жүктелді. Бұл сенім үдесінен де сүрінбей өтіп, елдің алғысына бөленді. Олардың Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылының жанында Сары мен Сүйір батырлардың кесенесін тұрғызуға өзіндік үлес қосқанын біреу білсе, біреу білмейді. “Пирамида” сауда үйі де осы компанияның арқасында ажары кіріп отырғаны, қала шетіндегі мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығын да салғаны көпке мәлім. Бүгінге дейін 6,39 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстарын жүргізген компания соңғы екі жылда қайырымдылық шараларына 20 млн. теңгеден астам қаражат жұмсаған екен.
Адам баласы үшін ең қажеттінің бірі – баспана болса, тұрғындардың үй-жай мәселесін шешуге де “Альфа-Север” ЖШС-і өзіндік үлесін қосуда. “Береке” шағынауданындағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің, 100 орындық екі жатақхананың құрылысына да осы компания тікелей жауапты болды. Жалпы он екі жылдың ішінде 760 пәтерлік 10 баспананың бой көтеруіне және жөндеу жұмыстарын жүргізуге өзіндік үлесін қосты.
Берекелі ісімен танылған аталмыш құрылыс ұйымында 120 адам еңбек етеді. Кәсіпорында орташа айлық еңбекақы 130 мың теңгені құрайды. Барлығы да өздеріне жүктелген тапсырманы мұқият орындап, кәсіптерін терең меңгерген жандар. Жылдар бойы тәжірибе жинақтап, бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр деуге болады. Серіктестік ұзақ жылдар бойы осы жерде еңбек етіп жүрген Әскер Мұқатаев, Владимир Ялганин, Қайыржан Жанахметов және Виктор Дронов сияқты білікті мамандарымен мақтана алады. Қазіргі уақытта жұмысшылардың басым бөлігі 19 шағынаудандағы Жуков және Жамбыл көшелерінің бойындағы көпқабатты екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде.
Бұл жұмыстардың басы-қасында жүрген Қайыржан Жанахметовтың қол астындағы бірнеше бригада пәтерлердің ішін әктеу, сырлау, электр сымдарын тарту бойынша жұмыстарды жүргізуде. Тәжірибелі құрылысшы бұл кәсіпті қажыр-қайраты мол, шыдамы берік адамдар ғана сүйікті ісіне айналдыра алатынына сенімді.
– Қарапайым шебер болып бастап, тәжірибе мен біліктілігімді арттыра жүріп, бесаспап маманға айналдым. Жалпы өмірімнің 33 жылын құрылыс саласына арнадым. Жұмысымыз қиын әрі қызық. Соңғы жылдары көп дүние өзгерді. Қаламыздың бұрынғы келбеті мен бүгінгісін тіптен салыстыруға келмейді. Көп жыл пәтер кезегінде тұрып, баспанаға қол жеткізіп жатқан отбасылардың қуанышын көргенде кеудемді мақтаныш кернейді. Еңбегіміздің, төккен теріміздің ақталған тұсы да осы шығар, – дейді еңбек адамы.
Компанияның қазіргі таңда алдына қойып отырған ең үлкен мақсаты – халыққа сапалы баспана ұсыну. Құрылыс саласындағы озық технологияларды енгізу, кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын заманға сай нығайту болып табылады.
Серіктестік келер жылы “Жас өркен” шағынауданындағы Горький – Тәштитов – Алтынсарин – Позолотин көшелерінің қиылысында 9 қабатты 225 пәтерлік тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Бұл жобаға компания басшысы 500 млн. теңге жеке қаражатын жұмсамақ. Іргелі нысандар салумен көпшіліктің сенімінен шығып жүрген кәсіпорынға тапсырыс берушілердің құрметі бөлек.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: ағаш ұстасы А.Тоқаев жұмыс үстінде.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.