«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАННАНЫҢ ТӘТТІ ТОҚАШТАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова бір сөзінде: “Қазір еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 50 пайызы әйелдерден тұрады. Бұл көрсеткіш осыдан бір жарым жыл бұрын 31 пайыз еді”, – деген болатын. Демек, елімізде кәсіпкер әйелдердің саны жыл сайын артып келеді. Бизнес саласында табысқа кенеліп, отбасы мен бала тәрбиесін де ақсатпай қатар алып жүрген іскер жандар біздің өңірде де аз емес. Солардың қатарында Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында тұратын Жанна Мұхамедьянованы да атауға болады.

Жанна Тоқтарқызы осыдан се­гіз жыл бұрын қолға алған кәсібін кеңейтіп, бүгінде аудан жұртшы­лы­ғына ісін тыңғылықты жүргізе­тін табысты кәсіпкер ретінде та­нылып отыр. Айтулы жетістікке жетіп жүрген нәзік жан бизнесін тәтті тоқаш пісіру­ден бастаған. Оның дәмі мен бе­зендірілуі жағынан нағыз конди­тердің өнімдерінен кем түспейтін тәттілері бүгінгі күні саумал­көл­діктердің дастарқанының сәні де­сек, артық айтқандығымыз емес. Бизнесті игеруге деген ұмтылы­сы ерекше болса керек, түрлі курстарда біліктілігін арттырған Жанна көп ұзамай мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болды. Бүгінде кейіпкеріміз балаларының оқуы мен тәрбие­сіне де қарап, жеке кәсіпкерлік­пен де айналысып, бәріне үлгеріп жүр. Ол былтыр аудан орталы­ғын­да ұйымдастырылған конди­терлер курсын тамамдап, “Ата­ме­кен” ҰКП арқылы 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қай­тарымсыз грантқа ие болды. Бүгінде осы қаражатқа сатып ал­ған азық-түлік кондитер құрыл­ғысының көмегімен торттан бас­қа тәтті нан, пицца және бәліш әзірлейді.
– Табысты болу үшін, ең алдымен, өз кәсібіңе деген қызы­ғу­шылық болуы қажет. Оны да­мыту жолдарын іздеп, бар күш-жі­геріңді бизнесіңнің өркендеуіне жұмсау маңызды. Сонда ғана ісің алға басып, табысың да мо­лая­ды, – дейді Жанна Тоқтар­қызы.
Кәсіп иесі алдағы уақытта об­лыстың өзге аудандарында да өнімдерін сатылымға шығармақ. Осы мақсатта шағын несие алып, оған қажетті құрал-жабдықтар са­тып алуды көздер отыр. Сонымен қатар тағы да аспаздыққа бейім бір­неше адамды жұмыспен қам­ту­ ойында бар.
“Атамекен” Ұлттық палатасы өңір­лік филиалы өкілдерінің ай­туынша, жергілікті тұрғындар­дың, әсіресе, әйелдер ара­сын­дағы жұмыссыздықты жою­дың бірден-бір тиімді жолы тамақ өнеркәсібін дамыту. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Екі жыл қатарынан “Атамекен” Ұлттық кә­сіпкерлер палатасы кәсіпкерлер­ге қаржылай қолдау жасап, көмек қолын созып келеді. Осы уақыт аралығында ақпараттық қамта­ма­сыз ету бойынша облыс ор­талығы мен аудандарда 400-ден астам әйел семинарлар мен курс­тарға қатысқан. 167 нәзік жан­ның “Жас кәсіпкер” жобасы бойын­ша кеңес алғанын атап өткен жөн.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Ж.Мұхамедьянова.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp