Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылғы президенттік қызметіне ресми кіріскен ұлықтау рәсімінде ел экономикасының дамуына кедергі келтіріп отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту қажеттігін атап көрсеткен болатын. “Бармақ басты, көз қыстылықпен” күрес жақында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі міндеті болып белгіленді.
Агенттік қайта құрылғаннан кейін бірқатар құрылымдық өзгерістер орын алды. Жедел-тергеу бөлімінің жұмысы едәуір күшейтілді. Ішкі резервтен қолданыстағы құрылымдардан басқа, квазимемлекеттік сектордағы, сондай-ақ, сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеумен айналысатын екі жаңа департамент құрылды. Агенттікте алдын алу, парасаттылық және әріптестік бөлімдері жұмыс істей бастады. Мәселен, алдын алу бөлімінің мамандары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, талдау жүргізу арқылы оның туындау себептерін жою, әкімшілік және бюрократтық кедергілерді болдырмау бағытында жұмыс істейді. Ал парасаттылық бөлімінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және агенттік қолға алған жобаларды үйлестіру. Әріптестік бөлімі өз кезегінде қоғаммен, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, халықаралық ынтымақтастықпен айналысады.
Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, жемқорлық фактілері әлі де орын алып отырғаны жасырын емес. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірімізде 101 қылмыс тіркелсе, соның 81 пайызы – сыбайлас жемқорлық фактілері. Соның 39-ы – пара алу, 29-ы – пара беру, 19-ы – алаяқтыққа, төртеуі қаржы жымқыруға қатысты. Өндіріп алуда жалпы сомасы 75,6 млн. теңгені құрайтын 179 қылмыстық іс болса, соның 72,1 млн. теңгесі қайтарылды.
Өткен жылдан бері өңірімізде жұмыс істейтін “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ауқымды шараларды қолға алды. Жобаның басты міндеті жемқорлық деңгейін азайтып, тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру арқылы билікке деген сенімін арттыру болып табылады. Бұл міндеттерді орындауда мемлекеттік органдар ерікті азаматтармен жұмыс істеп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарды хабардар етіп отырады. Қазірдің өзінде бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларда жүзден астам өтініштер мен ұсыныстар, түрлі заң бұзушылықтарға қатысты 200-ге жуық фото және бейнематериалдар жарияланып, тексеріс шаралары ұйымдастырылды.
Қоғамдық сананың өзгеруіне, әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуде азаматтық қоғам мен мемлекеттік аппарат арасындағы байланыс көпіріне айналған арнайы мониторингтік топтардың ықпалы ерекше. Қазіргі уақытта халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үрдісіне республикалық және өңірлік деңгейлердегі топтардың екі мыңнан астам мүшесі белсенді араласуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесті қолдау мен қорғау мәселесіне де айрықша көңіл бөледі. “Заңда бизнеске тосқауыл жасағаны үшін қатаң шараны қарастыру қажет. Тіпті, қылмыстық жазалау да болуы шарт. Ондай шаралар бірқатар елде бар. Бизнестің дамуына кедергі жасайтын шенеуніктер түрмеге жіберіледі”, – деген болатын үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан инвестицияға қолайлы жағдай жасау бойынша біршама ілгеріледі. Бұған бірқатар халықаралық ұйымдардың берген бағасы дәлел. Мәселен, “Doing business – 2018” қорытындысына сәйкес Қазақстан 190 елдің ішінде жалпы рейтингте 36-шы орынды иеленсе, келісімшарттарды орындау бойынша алтыншы орыннан көрініп отыр.
Бүгіндері шағын және орта бизнес субъектілерін қорғау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысының басты бағытына айналды. Өткен жылы 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Облысымызда мемлекеттік қызметшілердің бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласып, кедергі келтіруі департамент бақылауына алынды. Биылғы жартыжылдықта кәсіпкерлікке заңсыз араласуға қатысты алты факті анықталды. Сонымен қатар 26 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қылмыстық іс ашу арқылы қалпына келтірілді. Тағы үш қылмыстық іс сотқа жіберілсе, екеуі өндірісте, ал бір іс бойынша соттың үкімі шықты.
Былтыр агенттік Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлық шығындарын азайту мақсатында “Protecting business and investments” жобасын қолға алған болатын. Жобаның бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасып, барлық өңірлерде фронт-кеңселер ашылды. Жоба жұмысының аясында облыста жергілікті және шетелдік инвесторлармен 137,9 млрд. теңгенің келісімі жасалды. Мәселен, шетелдік жұмысшыларға виза беру мәселесін қозғаған “BioOpera tions” ЖШС-нің өтініші шешімін тапты. “Агротрак” жеке кәсіпкерлігі де импортталған өнімге қайтадан ақы төлеуге қатысты мәселесін осы жоба аясында оң шешті. “Оператор-РОП” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тауар өндірушілерге қосымша міндет жүктейтін өнімдердің тізіміне өзгерістер енгізген. Соның салдарынан кәсіпкерлер артық төлем жасаған. Яғни, елге әкелінген тауардың бір килограмына 37 теңгеден төлеу қажет болған. Осы үшін “Агротак” серіктестігі 23 млн. теңге төлеуге міндеттелген. Бұл өзгерістің күші жойылды.
Бұл – оң шешіліп жатқан мәселелердің бір ғана мысалы. Кеңес алуға жүгінетін кәсіпкерлер де жетерлік. Осыған орай цифрландыруға көшу арқылы шенеуніктер мен кәсіпкерлердің тікелей қарым-қатынас жасамауын қамтамасыз етуіміз керек деп ойлаймын.
Қазіргі уақытта агенттік төрағасының бастамасымен жемқорлықпен күреске қатысты бірқатар тұжырымдамалық жаңа шешімдер әзірленуде, нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде. Маңызды өзгерістердің ішінде жемқорлықпен ұсталған қызметкерлері үшін бірінші басшыларды жұмыстан шығару, заңсыз байығанына жауапкершілікті белгілеу, кірістер мен шығыстар туралы декларацияны міндетті жариялау, жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы тағайындаудың жаңа жүйесі, “Интегрити чек” адалдық пен парасаттылықты тексеру институтын енгізу көзделген.
Жемқорлықты түп тамырымен жою түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Біздің қызметіміз әділдік, парасаттылық және сенім деген фундаменталды құндылықтарға сүйенетін болады.
Ернар БАЯНҒАЗИН,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы.