Мемлекеттік меншікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған “Бірыңғай теңгерім ұстаушы” жобасының табысты жүзеге асырылуына облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті өз тарапынан үлесін қосуда.
Біздің департаментке Қаржы министрлігі бөлімдерінің балансындағы ғимараттар мен жайларды жер учаскелерімен бірге басқару тапсырылған болатын. 2014 жылдан бастап қолға алынған “Бірыңғай теңгерім ұстаушы” жобасының нәтижесінде жылжымайтын мүлік нысандары, яғни әкімшілік ғимараттар мен мекемелер және автокөліктер департамент балансына өткізілуде.
Жоба аясында мемлекеттік органдардың қарамағындағы мекемелерді қысқарту арқылы бюджет қаражаты үнемделуде. Атап айтқанда, мемлекеттік кірістер, қазынашылық комитетінің аумақтық бөлімшелерінің мүлкі, яғни 29 әкімшілік ғимарат пен 22 автокөлік облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансына алынды. Жыл басынан бері 21 автокөлікті жалға алу, 24 әкімшілік ғимаратқа қызмет көрсету, 24 нысанды күзету бойынша келісімшарттар жасалды. Нәтижесінде 35 494 мың теңге үнемделді.
Былтыр бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүзеге асырылған болатын. Атап айтқанда, бәсекелі ортаға шығару мақсатында 12 автокөлік департаменттің балансынан алынды. Шал ақын, Уәлиханов, Тимирязев, Мамлют, Тайынша, Айыртау, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда әкімшілік ғимараттарға 19 579 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылу қазандықтарын жөндеп, ауыстыру жұмыстарына 4 325 мың теңге бағытталды. 400 мың теңгенің 2 электр қазандығы және 3 413 мың теңгенің 2 жылу қазандығы сатып алынды. Мұның барлығы сұйық және қатты отын үшін шығындарды үнемдеуге мүмкіндік берді.
Сонымен бірге “Бірыңғай теңгерім ұстаушы” жобасын жүзеге асыру аясында қазынашылық және мемлекеттік кірістер департаменттерінің аумақтық бөлімшелерін оңтайлы орналастыру қарастырылуда. Аудандық бөлімшелер қызметкерлерін кезең-кезеңмен жаңа орындарға орналастыру жоспарына сәйкес, былтыр Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында Юбилейный көшесі, 31 мекенжайында орналасқан ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жердегі аудандық қазынашылық басқармасының қызметкерлері көшіріліп, нәтижесінде жалпы ауданы 230 шаршы метрді құрайтын ғимарат босатылды. Ол басқа мемлекеттік органның балансына берілді. Сондай-ақ, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда да осындай жұмыстар атқарылды. Мәселен, аудандық қазынашылық басқармасының қызметкерлері бірнеше жылдан бері жергілікті жеке кәсіпкерден жалға алынған ғимаратты иеленіп келген болатын. Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында олар аудандық кірістер басқармасының ғимаратындағы 144,3 шаршы метрді құрайтын аумаққа көшірілді.
Соңғы төрт жылдың ішінде мемлекеттік мүлікті басқарудың сапалық деңгейі артып, қаражатты игерудің жаңа мүмкіндіктері пайда болды деп айта аламыз. Бүгіндері департамент балансына бекітілген ғимараттарда 3 722 шаршы метрді құрайтын артық алаң бар. Онда 31 мемлекеттік құрылым орналастырылған. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде былтыр коммуналдық қызметтерді төлеу мен ғимараттарға қызмет көрсетуге ел бюджетінен бөлінетін қаржының 17 млн. теңгесі үнемделді. Ал биыл “Бірыңғай теңгерім ұстаушы” жобасы аясында жалпы 100 әкімшілік ғимарат пен үй-жайлар және 101 автокөлік департаменттің балансына берілетін болады.
Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті “Бірыңғай баланс ұстаушы” жобасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.
Қайыргелді ҚҰСАЙЫНОВ,
облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы.