Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қағаз оқулықтардың орнына электронды оқулық пайдалану үшін оқушыларға мектепте планшет немесе ноутбук қолдануға рұқсат етілетінін айтты. «Қағаз оқулықтар қолданыста бола береді. Барлық балада оқулықтардың қағаз нұсқасы болуы тиіс. Егер ата-ана баласының оқулықтың электронды нұсқасын қолданғанын қаласа, мұндай мүкіндікті береміз. Оны QR-код арқылы жүктеп алуға болады», – деді Білім министрі.
Ол өзіне «мұғалімдер электронды оқулықты қолдануға рұқсат бере ме?» деген сауал жиі қойылатынын айта кетті.
«Егер ата-ана баласының электронды нұсқамен, шартты түрде айтқанда, планшет немесе ноутбукпен келуін қаласа, онда ешкім оған тыйым салмайды. Бұл – оқушы мен оның заңды өкілдерінің таңдауы», – деді ведомство басшысы.
Министр балаларына оқулықтардың қағаз нұсқасын қолдануға рұқсат беретінін айтты.
«Ата-ана ретінде, балама оқулықтардың қағаз нұсқасын беремін. Мүмкін өте дәстүрлі қарайтын болармын, бірақ шынымды айтсам, қағаз нұсқада оқимын. Телефоннан, планшеттен оқу үйреншікті емес, әдеттен өзгеше. Дегенмен біреу электронды нұсқаны оқығысы келсе, оларға БҒМ мұндай мүмкіндік береді», – деді Аймағамбетов.
https://baq.kz