«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРАННЫҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұрар Рысқұловтың елесімен күресіп келе жатқандар әлі көп. Соның ең бастысы – оның Алаш зиялыларымен байланысы, оларға деген көзқарасы. Тарихшы ғалым Бүркіт Аяған айтпақшы, мәскеулік саясат сол тұстағы қазақ элитасының екіге бөлінуіне себепкер болған. Екі бағыттық ұстанымның бірі Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашылар болса, екіншісі Тұрар, Сәкен, Сейітқали Меңдешев сияқты зиялылардың бағыты болды.

Ресейде тұратын, Сталиннің құжаттарымен жұмыс істеген қазақ тарихшысы Дина Аман­жолова Сталиннің жеке мұраға­тында Тұрар Рысқұловтың алашордашылармен тығыз байланыста болғанын дәлелдейтін деректер көп екенін айтады. Со­­ның біре гейі – 1922 жылы Тұ­­рар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қо­­жанов Әлихан Бөкейхановты тұтқыннан босату үшін Орталық комитетке ұсыныспен шыққаны.
«Мұндай әрекет жаланың кез келген түрімен айыптауға себеп боларын алдын ала білсе де бас­тарын бәйгеге тіккен», – дейді Дина Аманжолова.
Дина Аманжолова Кремль архивінде, Сталиннің құжаттары арасында Рысқұловтың Сталин­мен қызмет барысындағы хаттары оның қылыштың жүзімен жүріп өткенінен хабар беретінін айтады. Бұл құжаттар да әлі қазақ қоғамына қолжетімді емес.
Ал тарихшы Ордалы Қоңы­ратбаев Ә.Бөкейхановтың құ­пия түрде Ташкентке кетуi­нен қауiптенген ГПУ-дiң (Мем­ле­кет­тiк саяси басқарма) Қар­қа­ралыдағы жергiлiктi бөлiм­шесi арқылы1922 жылы 14 қазанда оның тұт­қынға алынғанын төмен­дегідей баян­дайды:
«ГПУ-дiң Қарқаралы бөлiм­­шесiнiң iс-әрекетiне наразылық бiлдiрiп, өзiн босатуды талап еткен Ә.Бөкейханов түрмеден таныстары арқылы қол жалғап Мәскеуге, РКФСР Ұлт iстерi жө­нiн­дегi халық комиссариатына «Әлиханов» деп қол қойылған шұғыл жеделхат жолдайды. Же­делхаттың «Әлиханов» деген ат­пен жiберiлуiнiң өзiндiк сыры бар, өйткенi, оның нағыз иесi кiм екенiн бiлсе, Қарқаралының телеграф бөлiмiндегi ГПУ агенттерi тәр­кiлеп алары сөзсiз едi. Жедел­хат үш кiсiнiң – РКФСР Ұлт iс­те­рi жөнiндегi халық комиссары И.В.Сталиннiң, халық ко­миссарының екiншi орынбасары Т.Рысқұловтың және РКФСР Халық Комиссарлар Кеңе­сi мен Еңбек және қорғаныс Кеңесi төрағасының орынбасары А.Д.Цурюпаның атына жолданған:
«16-10-22. Мәскеуге. Қар­қа­ралыдан. Жолдас Сталинге. Көшiрмесi – Халық Комиссарлар Кеңесi төрағасының орынбасары А.Д.Цурюпа мен Ұлт iстерi жө­нiндегi халық комиссарының орын­басары Т.Рысқұловқа. 14 қа­­­занда Мемлекеттiк саяси бас­­қар­ма (ГПУ) бұйрығымен тұт­қындалдым, менi ­Семей қаласына аттандырмақ. Мәскеу қаласына өз еркiммен келуiме рұқсат бе­рiлуiн сұраймын. Әлиханов».
Әлихан Бөкейхановқа араша түсiп, абақ­тыдан алып шыққан Тұрар мен Сұлтанбек бiрден-ақ ГПУ-дiң қара тiзiмiне iлiгедi. ГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлеттi өкiлi И.Д.Ка­ширин мен Құпия бөлiм бастығы Якубов­скийдiң ГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң бас­тығы Я.Х.Петерске 1923 жылы 14 наур­ызда жолдаған құпия есеп­тi баяндамасында Тұрар мен Сұл­танбектiң iсәрекеттерiне үлкен саяси мән берiп, былай деп атап көрсеткен: «Бөкейхановтың тұт­қындалуына ташкенттiк алаш­­ордашылар қызу жауап бер­­­дi. Олар Сталиннiң атына Рыс­құлов пен Қо­жановтың бас­шылығымен және солардың қолы қойылған жеделхат жолдап, Бөкей­хановтың жазықсыз тұтқындалуы дала­лы аймақтарда бүлiншiлiк пен қазақ бұқарасы ортасында түсiнбестiк тудырады да, оларды кеңес өкi­метiнен ажыратады, сондықтан да оны босату үшiн тиiстi мекемелерге ық­пал жасау қажет деген талап қойды».
Кеңес заманында қол жетпеген ниетті іске асыруға тәуел­­сіздік дәуірінде жол ашыл­ды: 2011 жылы 1920-1937­ жыл­да­ры Мәс­кеуде Тұрар тұр­ған пәтерлердің мекен­жайы анық­талды, ескерткіш белгі қойылды.
Тұрар Рысқұловқа Алматыда ескерткіш қою мәселесі Дін­мұхамед Қонаев тұсында 1970 жыл­дары көтеріліпті.
1970-1980 жылдары Алматы қаласында басшылық қызметте болған қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев бізге 1970 жылдардың аяғында Алматыдағы орталық көшелердің бірінен Рысқұловқа ескерткіш орнату мә­селесі ше­шімін тапқанын, оның орны да белгіленгенін айтты.
«Бірақ Әліби Жангелдиннің мерейтойымен тұспа-тұс кел­­ген­діктен, бұл мәселе та­ғы да­ кейінге шегерілген. Бас­қа­­ша айт­қанда, Тұрардың ескерт­кіші тұратын жерге Әліби Жангел­дин­нің ескерткіші қойылды. 1980 жылдардың ортасында Мәс­кеудің келісімін алып, ес­керт­кіштің орны белгіленіп қойған кезде Қонаев орнынан кетті», – дейді Кеңес Аухадиев.
1990 жылдары Рысқұловқа ескерткіш орнату мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Қазақ зия­лыларының Алматыда Тұрар ескертк­ішін орнату, Тұрардың шығармалар жинағын толық нұсқасында жариялау туралы ұсынысы Қазақ Үкіметі тарапынан қолдауға ие болды.
Қазақстан Үкiметiнiң 1993 жылғы №198 қаулысы бойынша, Алматыда Рысқұловтың еңселi ескерткiшi орнатылуы тиіс еді.
Бірақ арада 25 жыл өтсе де, іс ор­нынан қозғалған жоқ.
Тұрартанушы ғалым, марқұм Мол­дияр Серікбаевтың осы мә­се­лені көтеріп, жоға­рыға жаз­ған хаттарына келген жауап та бір сарынды. Ол құжаттарды Молдияр аға көзі тірісінде көзінің қарашығындай сақтап өтті.
1993 жылғы №198 қаулыны ал­ға тартып, ескерткіш орнату ту­ралы өтінішіне Алматы қаласы мәдениет басқармасын басқарған Е.Әуезов «Алматы қаласы әкім­дігінде Тұрар Рысқұловқа ескерт­кіш орнату бойынша жұмыстар басталғанмен, қазіргі сәтте тоқ­тап тұр. Өкінішке қарай, бар мә­се­ле қаржыға келіп тіреліп тұр. Дегенмен, қазақ халқының біртуар перзенті Т.Рысқұловқа алдағы уа­қытта ескерткіш орнату үшін мүмкіндіктер қарастырылады» деп жауап беріпті.
Ертеректе Шерағамызбен ос­ы тақырыпта сыр-сұхбат құрғанда: «Ки­но­ға керек дүниені түгендеп бер­­дім. Сюжет сөйлеп тұр. Кино түсіремін дегендердің қо­лын кім байлап тұр?» – деген еді.Тұрар көкесінің бейнесі ки­но­да сомдалса деген арман күні кеше ғана дүниеден өткен Шерағаның ішінде кетті.
Тұрар бейнесін сомдаған Айдос Бектемір актер ретінде танылуына Тұрар Рыс­­құлов рөлі се­бепші болғанын айтады. ­1980 жыл­дардың со­ңында Алма­тыда «Қызыл жебе» қойылған кезде халықтың зал­ға сыймағаны соншалық, есік­ті сын­дырып жібере жаздапты. Алғашқы көрсе­тіліміне Т.Рысқұловтың жары Әзиза апа, ол кезде Министрлер Кеңесінің төр­аға­­сы қызметін атқарған Н.Назар­баев­, Олжас Сүлейменов, Г.Кол­бин қатысқан.
«Рысқұловтың қазақтың мұ­ңын жоқтап Сталинге хат жазатыны, Сталиннің қабылдауында үш рет болатын тұстары бар. Пре­мьерадан кейін Геннадий Колбин Нұрсұлтан Әбішұлынан: «Осы рас па, әлде сіздің ұлтыңыздан шық­қан автор ойынан шығарып отыр ма?» – деп сұрапты. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ол хаттар біздің мұрағатта сақтаулы тұр. Сенбесеңіз көрсете аламын», – деп жауап беріпті. Қойылым біткен соң Әзиза апа келіп, менің маңдайымнан сүйіп, «Айналайын Тұрардың бейнесін көз алдымда қайта жаңғырттың» деп батасын берді. «Апа, мені Тұрарға ұқ­саттыңыз ба?» деген сауалыма: «Ұқ­сап тұрсың. Бірақ Тұрардың бойы сенен биігірек еді» деп жауап берді», – дейді Айдос Бек­теміров бізбен әңгімесінде.
Тарихшы, тұрартанушы Ор­далы Қоңыратбаев айтпақшы, Тұ­рар Рысқұлов – көзі тірісінде-ақ азия­лық деңгейдегі мемлекеттік қайрат­кер ретінде мойындалған тұлға.
Орталық Азия құрлығының ХХ ғасыр басындағы тарихына көз жүгірткен тарихшылар Тұрар тұл­ғасына, тұрартану ауылына ат шалдырмай кете алмайды.
Ресей ғана емес, моңғол, қыр­ғыз, өзбек елдері мемлекетті­лі­­гінің 1920-1937 жылдардағы қа­лып­тасу кезеңінде Тұрардың қол­таңбасы сайрап жатыр. Ба­тыс Еуропа мен Азияға (Иран,­ Ауған­­стан, Пәкіс­тан) жол ашатын Волга-Дон каналын (Қара теңіз, Азов теңізі, Кас­пий те­ңі­зі, Парсы шығанағы, Оман шы­ға­нағы) салу туралы да 1923 жылы Т.Рысқұлов айтты. «Ол – әлемдік, ортаазиялық, ре­сейлік бір­неше экономикалық одақ­тың негізін қалаушы. Соның бірі – 1923 жылы Ян Эрнест Руд­зутак екеуі ұсынған Иран рес­публикасы мен Түркістан республикасының арасындағы ке­дендік одақ. Тұрар 1923 жылы Ресей коммунистік пар­тиясының ХІІ съезінде ұлттық-одақтық ке­ңес құруды, ұлттық республикаларды экономикалық аудандау керектігі туралы баяндама жаса­ды», – дейді Ордалы Қоңы­рат­баев.
Тарихшылар Т.Рысқұловтың 200-ден аса зерттеу еңбегі бар еке­нін ай­тады. Жа­ры Әзиза Рысқұлова өмірінің соң­ғы жылдарында ұзақ уақыт (1926-1937) РКФСР Халық Комис­сарлар Кеңесі төрағасының орын­басары болып істеген оның көп­теген еңбектері мақсатты түр­де жойылып жіберілгенін, «Қа­зақстан тарихы» деп ата­ла­­тын зерттеуі Рысқұлов ұстал­ған күні қолды болғанын айт­қан. Осыдан 5-6 жыл бұрын күн­делікті басылым беттерінде Рыс­құловтың «Қазақстан тарихы» деп аталатын еңбегі АҚШ-тағы кітапханалардың бірі­нен табылды» деген ақпарат шыққан кезде Тұрар ұсталған кез­де қол­ды болған еңбек сол шы­ғар деп елеңдеп қалғанбыз. Бірақ ізі­не түсер зерттеуші бол­маған­дық­тан, оның да соңы сиыр­құйым­шықтанып кетті. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Тарихшы Ордалы Қоңыратбаев бізбен әңгімесінде Мәскеу архив­терінде Тұрар ұсталған кезде тәр­кіленген құжаттардың тізімімен танысқанын айтты.
«Бірақ ол тізімде «Қазақстан тарихы» жоқ. Демек, оның дере­гін басқа жақтан іздеу керек», – дейді ол.
Құжаттанған, қағазға түскен ең­бектің бәрі тарих екені, күні ертең олардың іздеушісі болатынын Кремль білді, сол үшін аса құнды құжаттарды тәркіленген еңбектердің тізіміне мақсатты түрде қоспауы әбден мүмкін.
Ендеше, Сыртқы істер ми­нис­трлігі арқылы алыс-жақын шетел­ архивтеріндегі Тұрар­дың мұраларына іздеу салатын кез келді. Тұрардың қызы Сәуле Рысқұловамен соңғы әң­гі­мелескенімізде әкесінің артында қалған мол мұраның басым көпшілігі Баку, Бішкек, Таш­кент, Мәскеу, Ұлан-Ба­тор архивтерінен табылып қа­луы мүмкін дегенді айтады. Се­бебі, Тұрардың қысқа ғұмырында ол елдермен түйіскен нүк­телерінің көп болғанын күні кеше ғана дүниеден өткен Шерхан Мұртаза талай рет ай­тып кетті.
«Іздеуге, сұрау салуға қол қысқа бол­ды» – деген еді Сәуле Тұ­рар­қызы бізбен әңгімесінде. Тұрартанушы ғалым Молдияр Серікбаев қырғыз, өзбек елде­рі­нің 1920-1937 жылдардағы қа­лып­тасу кезеңдерінде Тұрардың қол­­таңбасы бар екенін талай рет айтқан. «Сыртқы істер министр­лігі арқылы Бішкек, Ташкент қа­лаларында Тұрар тұрған, жұ­мыс істеген үйге ескерткіш белгі қою­ды қолға алуымыз керек. Бұл мә­се­лені ке­шеуілдетуге болмайды.
Тұрар Орталық Азия дең­гейіндегі тұлға болса да оның жоқ­­­таушысы тек Қазақ елі ғана бо­­лып отыр.
Тұрарды жан-жағымызға та­ны­ту арқылы Орталық Азия ел­дері арасындағы позициямыздың тарихын бір ғасырға әрі жылжы­тамыз.
Біз өзбек, қырғыз, әзірбайжан мұра­жай­ларындағы Тұрарға қа­тыс­ты деректерді түгендеп үл­гір­ген жоқпыз әлі. Баку мұра­жайлары да Тұ­­­рарға қатысты көп сырды бүгіп жатыр. Егер барлық деректердің басын қоссақ, оның шығармаларының өзі 30 том болып қалады», – деген еді.
Қырықтан енді асқанда қыр­шын кеткен қа­зақтың Тұрары туралы тым көп айтылмады, дерек те табылмады, толық, санаулы су­рет­тері ғана болмаса. Қызыл империяның қатты өшіккені сонша, Тұрар Рысқұловты ату туралы бұйрыққа Сталиннің өзі қол қойды. «Халық жауы» деп айыпталған арыс 1938 жылы 10 ақпанда атылды. Тұрардың атылуына Сталин, Ворошилов, Каганович, Молотов сынды төрт адам бірдей қол қойды. Бұл оның кеңестік азулы һәм аяусыз саяси-әкімшілік билігінің негізгі нысанасына айналған дара тұлға екенін білдіреді. Ал жұбайы АЛЖИР-де 18 жыл айдауда болды, ұлы Ескендір түрмеде көз жұм­ды.
Тұрардың тағдырын то­лық зерттесе, талай тарихи құн­­ды қол­­­­­­жазбалар табылары ­сөз­сіз. Қол­жазба демекші, кей­бір зерт­теушілер Тұрар Рысқұлов­тың өз қолымен жазған хаттарының бірқатары Американың мұрағат­тарында деген ойға басымдық береді.

 

Гүлбаршын САБАЕВА,  журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp