Облыс полицейлері “Тұрмыс” жедел алдын-алу шарасын өткізуде. Тамыздың 7-сі күні бастау алған республикалық шараның мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарда қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Жедел алдын-алу шарасының барысында өңірдегі полиция департаментінің 300-ге жуық қызметкері тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі бар және толық емес, әлеуметтік аз қамтылған отбасылармен кездесіп, олардың құқықтарын түсіндіріп, құқық бұзған адамдардың жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
– “Тұрмыс” жедел алдын алу шарасы басталғаннан бергі 5 күннің ішінде облыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 124 оқиғасы тіркелді. Бұл құқық бұзушылықтар пәтерлерді аралап, өтініштерді тексеру барысында және “сенім телефонына” қоңырау шалған адамдардың сауалдары бойынша анықталды. 290 тұлға тіркеуге қойылды. Оның 78-і – маскүнем, ал 27-і толық емес отбасылардың мүшелері. Жалпы айтқанда, 935 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, – дейді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы Александр Розбах.