«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰДАЙ АШКӨЗДІКТЕН САҚТАСЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда ауылға бардым. Алтын бесік – ауылдың саф ауасы, самал желі жанға ра­хат сыйлағандай. Дарқан даладай пейілі кең адамда­рын айтсаңшы! Олардың бірқатарымен әңгімелесу ба­рысында тұрғындардың тұрмысының да түзеліп келе жатқанын аңғардым.

– Ауылда қат-қабат шаруа тау­сылған ба? Таңалакеуімнен қас қарайғанға дейін тіршілік­тің қамымен жүреміз. Қол қусы­рып қарап отыруға болмайды. Биылдан бастап мемле­кет та­ра­пынан берілетін атаулы әлеу­меттік көмектің форматы өзгер­ді ғой. Ай сайын 100 мың теңге­ден астам жәрдемақы аламыз. Бізге бұл үлкен көмек, – деді елді мекен тұрғыны Жұлдыз Құр­манғожина.
Төрт баласы бар тағы бір ауылдасым да Үкіметтің қам­қор­лығына дән риза. Бірлі-жа­­рым қара мал ұстап, оның өнімін ұқсатқан­нан басқа нәпа­қа таппайды. Атаулы әлеумет­тік көмек алатын тағы бірнеше танысымның да көңіл күйі көте­ріңкі екені сезілді. Қош, әйтеуір ауыл адамдарының алаңсыз тірлігіне мен де масаттандым. Тіпті, олардың Үкіметтің берген ақшасына тоқмейілсімей, қол­да­ры­нан келетін жұмысты істеп, үй маңына бау-бақша, көкөніс егіп, ұқсатып отырғандары қуантты.
Алайда, биыл Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі енгізген атаулы әлеуметтік кө­мек­тің жаңартылған форматы аясын­да жәрдемақы алудан жағдайы жақсы, тұрмысы түзу азаматтар да дәмелі сияқты.
Көпбалалы отбасы Руслан мен Әсемнің қалаға көшкенде­ріне бірер жыл болды. Кәсіп­кер­лікпен айналысатын ерлі-зайып­тылардың төрт перзенті бар. Жақында қымбат көлік тіз­гіндеген Әсемді халыққа қыз­мет көрсету орта­лығында кез­дейсоқ жолықтырып қалдым. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қажетті құжаттар жи­нап жүргенін айтты.
Оның “Үкімет беріп тұрғанда неге алмасқа? Менің де бала­ла­рым бар ғой. Ақша артық болмайды. Қалталы құрбыла­рым да алып жатыр”, – дегенін естіп не дерімді білмей абды­рап қалғаным рас. Иә, өкініштісі сол, “қолдан келсе, қонышынан бас” дегендей, мемлекет­тің, шын мәнінде, қолдауға мұқтаждарға деп бөлген ақшасын түрлі жолмен иеленіп қалуды ойлайтындар аз емес. Олардың бірқата­ры­ның теріс әрекеті жуырда әш­кере де болды емес пе? Біздің қоғам қара бас пен қалтаның қамын ойлайтын тоғышарлықтан қашан ада болар екен?

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp