Еліміз үшін 1954 жыл елеулі оқиғаларға толы болды. Қазақстан даласында тың игеру науқаны басталып, тылда шаруа қарқын алды. Бірде ауылға КСРО халық әртісі Роза Бағланованың келетіні туралы хабар жетті. Сүйінші жаңалықты естіген жұрт балаша қуанды. Бірақ бұл концерт ауылда емес, Жамбыл ауданының орталығы – Пресновкада өтпек. Оған Баян ауылының озат механизаторлары мен ұжымшар басшылары бармақ.
Мен ол кезде 10-сыныпта оқимын. Роза апамызды көріп, тамаша әндерін тыңдау арманым еді. Жанына дүлдүл домбырашыларды ерте келе ме деген ой маған маза бермеді. Әйтеуір, сол концерттен қалып қоймауға тырыстым. Баян ұжымшарында жаңадан сатып алынған “ГАЗ-51” машинасы бар еді. Оның жүргізушісі Жұматай Неғметжанов болды. Сол кісіден көлікке алдымен ұжымшар кеңсесінің қызметкерлері, кейін тізім бойынша Татар, Мықтыбай, Шағырай, Балта көшелерінің тұрғындары отыратынын естідім. Әкем Бәри ол кезде дүкенші болып жұмыс істейді. Ол да осынау қуанышты көргісі келеді. Екеуміз де жақсы киімдерімізді киіп, жинала бастадық. Әкем түнде машинаның үсті салқын болатынын айтып, тұлып ала шықты.
Біз діттеген жерге келдік. Мәдениет үйін сол жолы алғаш көргенім еді. Көрермендердің дені көрші ауылдардан келіпті. Салт атпен, арбамен келген кісілер көп екен. Танитындары бір-бірімен амандасып, хал сұрасып жатыр.
Біраздан кейін көптен күткен концерт те басталды. Сол тұста аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс істеген Есім Шайкин көрермендер атынан Роза Бағлановаға ризашылығын білдірді. Ал жүргізуші оның қысқаша өмірбаянына тоқталып, бірер ай бұрын Корей халықтық демократиялық республикасында болғанын айтып өтті. Одан кейін басында үкілі тақия, үстінде белін қынай пішкен қызыл барқыт қамзол, етегі желбіреген ұзын ақторғын көйлек киген өткір көзді, талдырмаш, аққұба сұлу сахна төрінде жұртшылыққа әдеппен бас иді. Қошемет одан сайын күшейіп, бірте-бірте қол соғу бәсеңдей бастады. Күміс көмей, жезтаңдай әнші сахнаның ортасында тұрған пианиноға барып, өзінің жүрекке жылы жібектей жұмсақ үнімен “Екі жирен”, “Ахау, керім”, “Қара торғай” атты халық әндерін тамылжыта шырқады. Жиналған жұрттың делебесі қозды. Ол әр ұлттың әнін орындағанда сахналық образы, киімі өзгеріп отырды. Соның ішінде өзбектің халық әндері “Там басында тұрған қыз”, “Әй дүлдүлім”, “Аяжан”, чехтың “Биле-биле”, кәрістің “Торади” (“Қызғалдақ”), орыстың “Ах, Самара городок”, башқұрттың “Әлиләу”, “Гиннәйім” әндерін орындады. Одан кейін Евгений Брусиловскидің “Қыз арманы”, Бақытжан Байқадамовтың “Домбыра”, Мұқан Төлебаевтың “Ақ мақта” әндерін айтты. Әсіресе, “Ақ мақта” әнінің соңында: “Жігітім, кел ауылға кел, кел” деп екі рет қайталауы қызық болды. “Кел, келмен” ән аяқталғанда қол соғып отырған Баян ұжымшары басқармасы басшысының орынбасары Сұраған Нұрғожин орнынан тұрып “Барам, барам, Розажан” демесі бар ма?! Сұрағанның жанында отырған ұжымшардың комбайншысы, Социалистік Еңбек Ері Аликпер Асадулаев “отыр, концерт біткен соң, барасың” десе, енді бірі оны қостады. Қол соғып, келесі әнді хабарлағанша, қыран-топан күлкіге қарық болған көрермендер бір жасап қалды. Айымжан, Орталық ауылынан барғандар бұл көріністі әзілге айналдырса, ауыл кеңесінің төрағасы Уақпан Тәжин: “Сұраған, ауылға барған соң, Шолпанға не дейміз, отыр орныңа”, – деді.
Біраздан соң концерт те өз мәресіне жетті. Көңілдері көтеріліп қалған көрермен тысқа шықты. Әркім өз көлігіне жайғаса бастады. Біз де машинаға отырдық. Баян ұжымшары партия ұйымының хатшысы Бірімжан Шайпин концертке келген адамдарды түгендеуде. Арамызда Сұраған жоқ. Бірімжан: “Шын мәнінде Алматыға кетіп қалмаса жарайды ғой”, – деп қояды.
Осынау тамаша кештің куәсі болған ауыл еңбеккерлерінің қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Естен кетпес сол бір сәтті мен де ұмытқан жоқпын. Өнердің бұлағынан сусындап, рухани азық берген бұл концерт ерекше әсерге бөледі. Мәдениет үйінде халықтың ән өнерін қошеметтеуі, Роза Тәжібайқызының сахнада өзін-өзі ұстауы, биязы жүріс-тұрысы мені таңғалдырды. Бұл кеш мені музыка әлеміне жетелеп, өнер өлкесіне қанат қағуыма себепші болды.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ, күйші.