«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕГЕН ӘСЕРЛІ КЕШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз үшін 1954 жыл елеулі оқиғаларға толы болды. Қазақстан даласында тың игеру науқаны басталып, тылда шаруа қарқын алды. Бірде ауылға КСРО халық әртісі Роза Бағланованың келетіні туралы хабар жетті. Сүйінші жаңалықты естіген жұрт балаша қуанды. Бірақ бұл концерт ауылда емес, Жамбыл ауданының орталығы – Пресновкада өтпек. Оған Баян ауылының озат механизаторлары мен ұжымшар басшылары бармақ.

Мен ол кезде 10-сыныпта оқи­мын. Роза апамызды көріп, тама­ша әндерін тыңдау арманым еді. Жанына дүлдүл домбырашылар­ды ерте келе ме деген ой маған маза бермеді. Әйтеуір, сол кон­церттен қалып қоймауға тырыс­тым. Баян ұжымшарында жаңа­дан сатып алынған “ГАЗ-51” маши­насы бар еді. Оның жүргізушісі Жұ­матай Неғметжанов болды. Сол кісі­ден көлікке алдымен ұжымшар кеңсесінің қызметкерлері, кейін тізім бойынша Татар, Мықтыбай, Шағырай, Балта көшелерінің тұр­ғындары отыратынын естідім. Әкем Бәри ол кезде дүкенші болып жұмыс істейді. Ол да осынау қуа­нышты көргісі келеді. Екеу­­міз де жақсы киімдерімізді киіп, жинала бастадық. Әкем түнде ма­шинаның үсті салқын болатынын айтып, тұлып ала шықты.
Біз діттеген жерге келдік. Мәде­ниет үйін сол жолы алғаш көргенім еді. Көрермендердің дені көр­ші ауылдардан келіпті. Салт атпен, арбамен келген кісілер көп екен. Танитындары бір-бірімен аманда­сып, хал сұрасып жатыр.
Біраздан кейін көптен күткен кон­церт те басталды. Сол тұста аудан­дық партия комитетінің нұс­қаушысы болып жұмыс істеген Есім Шайкин көрермендер атынан Роза Бағлановаға ризашылығын білдірді. Ал жүргізуші оның қысқаша өмірбая­нына тоқталып, бірер ай бұрын Корей халықтық демократиялық рес­публикасында болғанын ай­тып өтті. Одан кейін басында үкілі тақия, үс­тін­де белін қынай пішкен қызыл барқыт қамзол, етегі желбіреген ұзын ақторғын көйлек киген өткір көзді, талдырмаш, аққұба сұлу сахна төрінде жұртшылыққа әдеппен бас иді. Қошемет одан сайын кү­шейіп, бірте-бірте қол соғу бәсең­дей бастады. Күміс көмей, жезтаң­дай әнші сахнаның ортасында тұр­ған пианиноға барып, өзінің жү­рекке жылы жібектей жұмсақ үні­мен “Екі жирен”, “Ахау, керім”, “Қара торғай” атты халық әндерін тамылжыта шырқады. Жиналған жұрттың делебесі қозды. Ол әр ұлттың әнін орындағанда сахналық образы, киімі өзгеріп отырды. Соның ішінде өзбектің халық әндері “Там басында тұрған қыз”, “Әй дүлдүлім”, “Аяжан”, чех­тың “Биле-биле”, кәрістің “Торади” (“Қызғалдақ”), орыстың “Ах, Сама­ра городок”, башқұрттың “Әли­ләу”, “Гиннәйім” әндерін орында­ды. Одан кейін Евгений Брусилов­ски­дің “Қыз арманы”, Бақытжан Байқадамовтың “Домбыра”, Мұ­қан Төлебаевтың “Ақ мақта” әнде­рін айтты. Әсіресе, “Ақ мақта” әні­нің соңында: “Жігітім, кел ауылға кел, кел” деп екі рет қайталауы қызық болды. “Кел, келмен” ән аяқталғанда қол соғып отырған Баян ұжымшары басқармасы бас­шысының орынбасары Сұраған Нұрғожин орнынан тұрып “Барам, барам, Розажан” демесі бар ма?! Сұрағанның жанында отырған ұжымшардың комбайншысы, Со­циа­листік Еңбек Ері Аликпер Аса­ду­лаев “отыр, концерт біткен соң, барасың” десе, енді бірі оны қос­тады. Қол соғып, келесі әнді ха­бар­лағанша, қыран-топан күлкіге қа­рық болған көрермендер бір жа­сап қалды. Айымжан, Орталық ауы­лынан барғандар бұл көріністі әзілге айналдырса, ауыл кеңесінің төрағасы Уақпан Тәжин: “Сұраған, ауылға барған соң, Шолпанға не дейміз, отыр орныңа”, – деді.
Біраздан соң концерт те өз мә­ре­сіне жетті. Көңілдері көтеріліп қал­ған көрермен тысқа шықты. Әркім өз көлігіне жайғаса бастады. Біз де машинаға отырдық. Баян ұжымшары партия ұйымының хат­шысы Бірімжан Шайпин концертке келген адамдарды түгендеуде. Ара­мызда Сұраған жоқ. Бірімжан: “Шын мәнінде Алматыға кетіп қал­маса жарайды ғой”, – деп қояды.
Осынау тамаша кештің куәсі бол­ған ауыл еңбеккерлерінің қуа­нышын айтып жеткізу мүмкін емес. Естен кетпес сол бір сәтті мен де ұмытқан жоқпын. Өнердің бұлағы­нан сусындап, рухани азық берген бұл концерт ерекше әсерге бөле­ді. Мәдениет үйінде халықтың ән өнерін қошеметтеуі, Роза Тәжі­бай­қызының сахнада өзін-өзі ұс­тауы, биязы жүріс-тұрысы мені таңғал­дырды. Бұл кеш мені музыка әле­міне жетелеп, өнер өлкесіне қанат қағуыма себепші болды.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,  күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp