Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткен брифингте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының жүзеге асырылу барысы сөз етілді. Бағдарлама шыққаннан бергі екі жыл ішінде өңірімізде руханият саласында көптеген іс-шаралар мен жобалар қолға алынды. Биылғы жарты жылдың өзінде-ақ үш мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, 244 млн. теңгенің 78 жобасы жүзеге асты.
Бүгінде бағдарлама алты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Соның бірі – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы. Өңірдің киелі нысандар картасы әзірленіп, оған 25 мәдени-тарихи ескерткіш енген. Оның 7-еуі Петроавлда, қалған 18-і аудан орталықтарында орналасқан. Биыл олардың қатарына тағы 8-ін енгізу ұсынылып отыр. ««Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде ауқымды жобалар қолға алынған. Ұлттық маңызы бар киелі нысандар бойынша көпфункционалды виртуалды карта мен жалпыхалықтық киелі нысандардың кейбірінің 3D моделі жасалды. Мәселен, сіз үйден шықпай-ақ, Айыртау ауданында орналасқан «Қарасай мен Ағынтай» мемориалдық кешенін толықтай көруге мүмкіндік аласыз. Киелі нысандарды цифрландыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Бүгінгі күні сакралды орындарға 90-нан астам QR-коды бар белгі орнатылды. Сол арқылы туристер барлық мәліметтеді біле алады», – деді тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Рақат Мәмбеталинов.
Сондай-ақ, киелі нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы «Қарасай мен Ағынтай» мемориалды кешені жөндеуден өтсе, биыл Сырымбет қонысында құрылыс жұмыстары жүргізілмек.
Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру бөлімінің басшысы Эльмира Танақұлова хабарлағандай, біздің өңірде бағдарлама міндеттері белсенді орындалуда. Мәселен, өңіріміздің тарихын таныту мақсатында облыс әкімінің бастамасымен «Мен музейге барамын» акциясы да ұйымдастырылды. Соның арқасында барлық тарихи мұражайларға кіру тегін болды. Осы жарты жыл ішінде 3000-нан астам іс-шара өткізілді, тағы 197 шара өткізу жоспарланған.