Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қара-қоға ауылында кеше жанармай құйылған автоцистерна өртеніп, қатты желдің салдарынан қасындағы жүк көлігі де жанып кетті.
СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт «Жигалов Карагугинское» шаруа қожалының аумағындағы жанармай базасында шыққан. Тілсіз жауды ауыздықтауға Булаев және Петропавл қалаларының өрт сөндірушілері: барлығы 19 маман мен 4 техника жұмылдырылды. Өйткені олардың жұмысын қатты жел қиындатып жіберген еді. Мамандардың айтуынша, жалын «КамАЗ» автоцистернасынан дизель отынын ағызу кезінде шыққан. Қатты жел өртті өршітіп, қасында тұрған ГАЗ-53 көлігін шарпыған. Салдарынан екі машина да жанып кетті. Өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары қызыл жалынмен шамамен 2,5 сағаттай алысып, сағат 17.39 минутта сөндірді. Жанармай сақталған ыдыстарға таралуына жол берген жоқ. Баспасөз қызметінің мәліметінше, адамдар дін аман. Әзірше өрттің шығу себебі және келген шығын мөлшері белгісіз.
www.inform.kz