Солтүстік Қазақстан облысына дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері келді. Меймандар жастармен кездесіп, жат пиғылды ағымдардың жетегінде кетпей, ақ пен қараны ажырата алу қажеттігін түсіндіруде.
Қазіргі уақытта теріс діни ағымның арбауына түскен азаматтардың саны күн санап артуда. Осы келеңсіздіктің алдын алу үшін ақпаратттық-түсіндіру тобы жастар арасында алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Топ мүшесі Толғанай Мұстафинаның айтуынша, әсіресе, әлеуметтік, экономикалық жағдай, басқа да психологиялық, ішкі мәселелерге қатысты қиындықтары бар азаматтардың теріс ағым жетегінде кету қаупі көп. Мамандар жастар жат ағымдармен көбінесе әлеуметтік желілер арқылы танысады деген пікірде. Сол себепті, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері тек дәстүрлі діни орталықтарда білім алуды ұсынады.
Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Бауыржан Шерияздановтың бағалауынша, Солтүстік Қазақстан облысында діни ахуал жақсы. Бірақ, батыс өңірлерде, Қарағанды және оңтүстік облыстарда жастардың дәстүрлі емес діни ағымдарға бой ұруы кездеседі екен.
Ақпараттық-түсіндіру тобы енді Қызылжар мен Аққайың аудандарына жол тартпақ. Ал тамыздың 15-інен Қостанай қаласының жастарымен кездесуді жоспарлап отыр.
https://mtrk.kz