Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, жасаумен айналысатын “Агросевер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Николай Луговой Шал ақын ауданының Повозочное ауылында өз қаражаты есебінен ескі, екіқабатты ғимаратта толық жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Осы орайда аудан әкімі Нұрлан Есімов бұл нысанды жөндеу жұмысының барысы және болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
– Ғимараттың бірінші қабатында ауылдық округтің әкімдігі, пошта, полицияның учаскелік инспекторы, конькимен сырғанауды және хоккей ойнауды ұнататын адамдар үшін киім ауыстыруға арналған орын, ал екінші қабатта фитнес-зал, балаларға арналған ойын бөлмесі, бильярд залы, тенниске арналған үстел және шаштараз орналасатын болады. Жұмыс қарқыны жақсы. Бұл серіктестік ауданда екі жеке тұрғын үйді салуды көздеп отыр. Күз айында Шал ақын ауданының әкімдігі оны коммуналдық меншікке сатып алатын болады. Мұны “Рухани жаңғыру” бағдарламасының айқын көрінісі деп айтуға болады, – дейді Нұрлан Орынбасарұлы.