Мал ұрлығы фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстар аясында жергілікті ветеринарлар тәртіп сақшыларымен бірлескен шара ұйымдастырды. Мамандар облыс орталығындағы сауда орындарын аралап, ет өнімін ұсынатын кәсіпорындардың тиісті құжаттарын тексерді.
Рейдтік шараны ұйымдастырушылар бірнеше сағаттың ішінде жиырмадан астам автокөлікті тексерді. Нәтижесінде төрт ет өнімімен жабдықтаушыда малдардың қажетті санитарлық жағдай жасалған орындарда сойылғаны жөнінде анықтама болмай шықты. Оларға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің “Ветеринария саласындағы заңнаманы бұзу” бабы бойынша хаттама толтырылды.
Мал өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеру – үнемі бақылауда. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстар “Мал ұрлығы” жедел алдын алу шарасының аясында да күшейтілген түрде жүргізіледі. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары осындай екі шара ұйымдастырды. Оның аясында иелеріне малдарға ен салып, бағушылармен үшжақты келісімге отыру қажеттігін ескертеді. Бұл мәселе, әсіресе, мал ұрлау фактілері жиілейтін жаз мезгілінде өзекті.
Жыл басынан бері облыс полицейлері ветеринария саласындағы заңнаманы бұзуға қатысты 78 әкімшілік хаттама толтырды. Соның 76-сы – ет өнімін тиісті құжаттарсыз тасымалдауға, екеуі – саудалауға қатысты. Сонымен қатар биыл өңірімізде 59 мал ұрлығы фактісі ашылса, 21-і бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Сурет https://www.youtube.com сайтынан алынды.