Аққайың ауданындағы Шағалалы ауылындағы “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Дала күні өтті. Күзгі аттаныс алдында солтүстікқазақстандық диқандардың басын қосқан шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Елімізде аудандастырылған дәнді, майлы және жемшөптік дақылдарды Қызылжар өңіріне егіп, күтіп-баптау және жинау әдістерін ғылыми негізде ұсынатын тәжірибе станциясы былтырдан бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басшылығымен жасасқан меморандум аясында арнайы жобаны жүзеге асыруда. Серіктестік директоры Белгібай Қанафиннің айтуынша, үш жылға жоспарланған жоба аясында 10 мың гектарды құрайтын тәжірибелік танапқа егіншілік технологиясының элементтерін қолдану арқылы дәнді дақылдар егілетін болады. Бүгінгі таңда оның 2700 гектарына дән сіңірілген. Қатысушылар жоба аясында өсіріліп жатқан жаздық бидай, арпа, соя және жүгері өсіру кезінде қолданылған егіншілік технологиясының нәтижелерімен танысты. Алдағы орақ науқаны барысында бұл алқаптардың әр гектарынан 30 центнерден өнім алынады деп күтілуде.
Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде жергілікті сандық технологияларды енгізу арқылы егіншіліктің тиімділігін арттыруды көздеген ғылыми-техникалық бағдарламаға жан-жақты тоқталып өтті. Жоғары оқу орнынының сарапшылары ауыл шаруашылығында тың технологияларды қолдану және қашықтықтан жерді зондтау мәселелері, топырақтың құнарлылығын мақсатты түрде басқару тәсілдері мен дәл егіншілік жүйесіне қатысты дақылдардың өнімділігі туралы айтты.
Содан кейін аграршылар осы жерде ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникалары көрмесiн тамашалады. Ал Дала күні аясында өткен облыстық семинар-кеңесте республика бойынша ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері, агроқұрылымдардың егін орағына дайындығы, шаруашылықтарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтылды.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.