Парламент Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина іссапармен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданына келді. Халық қалаулылары аудандағы маңызды нысандарға тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Сенаторлар алдымен «KAZMEAL» серіктестігіндегі жұмысшы қауыммен кездесіп, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Өндіріс орны өз жұмысын үстіміздегі жылдың мамыр айында бастаған. Мұнда дәнді дақылдардан құрама жем жасалады. Тәуліктік қауқары 1200 тоннаны құраса, жылына 360 мың тоннаға дейін жетеді. Алдағы уақытта шығарылған өнімнің барлығы Аспан асты еліне жөнелтілетін болады. Жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Оны Қытай елінен әкелінген роботтық техника атқарады. Өндіріс ошағында 75 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.
Бұдан кейін сенаторлар №2 Новоишим орта мектебіне соғып, күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. 700-ге жуық оқушыға шақталған білім ұясында қолға алынған шаруа таяу арада аяқталмақ. Бұл мақсатқа 75 млн. теңге қаржы бағытталыпты.
Сондай-ақ, білім ошағының маңында биыл спорт алаңы да салынған. Мұнда жаттығуға арналған жабдықтардың барлығы бар. Бұл жерде еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін келіп бой жаза алады.
Кейінгі кезекте халық қалаулылары биыл салынып біткен 50 пәтерлі тұрғын үйге ат басын бұрды. Мұнда көпбалалы аналар, медицина саласының қызметкерлері және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұратын болады. Нысан мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген.
Аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асхат Оспановтың айтуынша, мұндағы баспананың 1 шаршы метрінің құны – шамамен 120 мың теңге. Бұл жалдамалы-коммуналдық баспана болып саналады.
Бұдан кейін депутаттар оңтүстіктен қоныс аударушылар үшін салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мұнда барлығы 10 баспана бой көтеріп келе жатыр. Үйлерге ауыз су тартылған.
Сенат депутаттары іс-сапарларын қорытындылай келе өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
https://mtrk.kz
Сурет https://www.zakon.kz сайтынан алынды.