Облыстың тасымалдау ісімен айналысатын кәсіпкерлері бақылау-өткізу пункттерінде бірнеше сағат бойы кезек күтуге мәжбүр екендерін айтып бірнеше рет шағымданған болатын. Алайда, мәселе шешілмек түгілі, жағдай одан сайын ушығып бара жатқан көрінеді. Бұл жайлы «Qyzyljar– adaldyqalańy» диалогтық алаңында сөз болды.
Омари Харбедияның халықаралық тасымалдау саласында қызмет етіп жүргеніне ондаған жылдардың жүзі болды. Қазір кәсіпкердің жеке логистикалық компаниясы бар болғандықтан, бұл саланы жан-жақты меңгерген. Оның айтуынша, қазақстандық шекара пункттерінен өту қашанда қиын, алайда соңғы жарты жылда бұл мәселе тіпті қиындай түскен.
– Менің көліктерім күнде шекарадан өтеді. Осыған дейін жүргізушілер тексеру пункттерінде 1,5-2 сағат аялдаса, қазір бұған 8 сағаттары кетеді. Тексеруге бес фурадан кіргізеді. Олар мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының, төлқұжат бақылауынан өткенше, басқалары кезекте тұрады. Ал жүргізушілердің жұмыс істейтін және демалатын кестесі болады. Ол 4,5 сағат рөлде отырғаннан кейін демалуы тиіс, – дейді Омари Харбедия.
Шараға қатысқан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымберді ведомство жұмысының шекара пункттерінде ұзын-сонар кезектің тізілуіне ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. «Жүргізушілердің кіріп-шығуын шекарашылар тексереді. Ал біздің департаменттің мамандары тек қана жеке куәліктерді сканерден өткізеді. Бұл бар болғаны 5-10 минутты алады», – деді ол.
Сурет https://tengrinews.kz сайтынан алынды.