Бүгінде денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жою мақсатында өңіріміздегі емдеу мекемелеріне жас мамандарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде облысымызға жүзден астам дәрігер келеді деп жоспарланып отыр. Еңбек жолын Қызылжар өңірінде бастағандардың бірі – Нұрсұлу Қайырбекова Қарағанды медициналық университетінде білім алған жас маман.
Ол бүгінде №3 қалалық аурухананың инсульттік бөлімшесінде жұмыс істейді. Нұрсұлу басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға қол ұшын созуды бала күнінен армандаған. Оның бұл жауапты мамандықты таңдауына анасы Торғын Есентайқызы кеңес беріпті. “Неврология – күрделі сала. Жүйке жүйесі зақымданған науқастар ерекше ем-домды қажет етеді. Жоғары оқу орнында білікті дәрігерлерден алған білімімді тәжірибе жүзінде іске асырудамын”, – дейді Нұрсұлу. Жас маманды құшақ жая қарсы алған ұжым да оның айтарлықтай табыстарға қол жеткізетініне сенім артып отыр.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.