Петропавл қаласында балаларға арналған ерекше алаң пайдалануға берілді. Көпбейінді заманауи ойын алаңы Лесная көшесі, 3 және 3 “А” мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында орналасқан.
Дәстүрлі алаңдардан басты ерекшелігі – мұнда балалардың қауіпсізігі үшін аяқ астына каучуктен жасалған төсеніштер төселген. Сөйтіп, ойын барысында балақайлардың әртүрлі дене жарақаттарын алмауына жағдай жасалған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қалалық әкімдікке ондаған жылдардан бері тозығы жеткен аулаға жөндеу жұмыстарын жүргізуді өтініп, бірнеше рет хат жазған.
– Үйдің алдындағы ойын алаңы – әр адамның балалық шағының бір бөлшегі. Әртүрлі әткеншектер мен турниктермен жабдықталған ойын алаңында қысы-жазы бала көп. Алайда, белтемірдің үстіне шығып, абайсызда жерге құлап, жарақаттанған балалар бар. Бүлдіршіндердің өмірі мен денсаулығына қатты алаңдаған ата-аналар алаңды абаттындырып, қауіпсіздендіру мәселесін көтерген болатын. Ауламызда осы бір ерекше ойын алаңы ашылғаннан кейін көңіліміз тынышталды. Балалар биіктіктен секіріп түссе де, денсаулықтарына ешқандай қауіп төнбейді, – дейді аула тұрғыны Галина Егорова.
Ойын алаңы үй тұрғындарының көңілінен шығуда. Ал планшет пен ұялы телефондарын үйде қалдырған балалар болса, бұл жерде күн батқанша дейін ойнаудан шаршамайды. Алаңда ата-аналарға арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктері қарастырылған.
Үстіміздегі жылы 10 шағын футбол алаңы, 10 көше тренажері және 51 балалар ойын алаңы пайдалануға берілетін болады. Қала әкімдігі бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге бөліп отыр. Яғни, алдағы уақытта дәл осындай заманауи ойын алаңдары басқа да тұрғын үйлердің аулаларын салынуы мүмкін.
Сурет https://qzmedia.kz сайтынан алынды.